Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Президент қытайлық бизнесмендерге Алатау қаласы туралы айтты

Алатау қаласы таланттардың орталығы болады. Шанхайда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесуде Президент елімізде жаңадан құрылғалы отырған қаланың болашақтағы әлеуетіне тоқталды. Жаңа нысан технологиялар мен инвестициялардың тоғысқан жері болатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, келешекте мұнда әлемнің 90 елінен жиналған 6 мыңға жуық компания қызмет атқаратын болады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алатау қаласы Smart City шешімдерінің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, сондай-ақ энергияны үнемдейтін нысандар мен озық телекоммуникация инфрақұрылымының негізгі алаңына айналуы керек. Осы мақсатта біз цифрлық активтерді, токендеу, блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыстың басты тірегі бәсекеге қабілетті құқық және салық режимі болатыны сөзсіз. «Алатау» жобасына қатысушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығы экожүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Алпауыт бизнес өкілдерімен жүздесуде Мемлекет басшысы Қытай мен Қазақстан арасындағы инвестиция көлеміне де тоқталды. Мысалы, шығыстағы көршіміз елімізге осы күнге дейін 30 млрд долларға жуық қаржы салған. Қытай капиталы бар сегіз жарым мыңдай компания табысты жұмыс істеп жатыр екен. Сондай-ақ Президент Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Соңғы он бес жылда мемлекет көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Біз жаңа теміржол желілерін тартып, Транскаспий көлік бағыты, яғни Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттырып жатырмыз.

Сондай-ақ жиында цифрлық трансформация, аса маңызды минералдарды игеруге басымдық беру мәселелері, агротехнология салаларындағы жаңа мүмкіндіктер талқыланды. Келіссөздердің қорытындысы бойынша құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен аса келісімге қол қойылды.

← Барлық жаңалықтар