Депутат болғысы келетіндер көбейіп жатыр. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы екі бірдей партияның Құрылтайдың орынтағынан үміткерлерінің тізімін тіркеді. Алдымен Қазақстан Халық партиясына батасын берді. Бұл саяси ұйымнан халық қалаулысы төсбелгісін тағудан дәмелі 72 адам бар. Арасында бұған дейін депутат болған Ирина Смирнова, Асылбек Нұралин, Кенжеғұл Сейітжанның, сондай-ақ шоу-бизнестің өкілдері Тамара Асар мен Аша Матайдың аттарын көзіміз шалып қалды. Бұл партия 2023 жылғы сайлауда межелі 5 пайыз дауысты жинап, Мәжіліске өткен еді. Сол себепті науқан жарнасын төлемейді.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің атауы сайлау бюллетеніне енгізілсін. Осындай 5 пункттен тұратын қаулы қабылданды. Қазақстан Халық партиясының Құрылтай сайлауына ұсынылған партиялық тізімінің тіркелуімен саяси партияның басшылығын құттықтай отырып, сәттілік тілейміз.
Сонымен қатар бүгін сайлау бюллетеніне «Байтақ» партиясы да енгізілді. Өздерін «жасылдар» деп айтатын саяси ұйым алдағы додаға 47 адамды үкілеп қоспақ. Олардың көбі кәсіби заңгерлер, кәсіпкерлер, экологтар, инженерлер, педагогтар мен дәрігерлер екен. Бұл партия бұған дейін Мәжіліске өтпегендіктен, сайлауға қатысу үшін тиісті жарнаны төлейді.
АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ, «БАЙТАҚ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біздің 74 үміткердің ішінде 10 әйел адам бар. 4 жас, жасы 35-ке дейінгі. Және 4 инвалид бағыттағы адамдар бар. Біздің толық тізімнен 38 пайыз квотаны толық орындап тұр.