Мазмұнға өту
· 20 қаралым

Қазақстан танкерлерге жасалған шабуылды айыптады

Каспий құбыр консорциумы терминалындағы мұнай танкерлеріне жасалған дрон шабуылы Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі осындай мәлімдеме жасады. Қазақстанның қарулы қақтығысқа қатысушы тарап емес екенін атап көрсеткен ведомство халықаралық құқық нормаларын сақтауға шақырды. Айта кетейік, шабуыл 17 және 19 шілде күндері танкерлерге мұнай тиеп жатқанда жасалған. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ, көмірсутек теңізге төгілмеген. Өрт дер кезінде ауыздықталған. Алайда осыдан соң мұнай тасымалдау уақытша тоқтатылыпты. Министрлік серіктес мемлекеттерді мұндай шабуылдарды батыл айыптауға әрі осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған нақты шараларды бірлесіп әзірлеуге шақырды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады.

← Барлық жаңалықтар