Ми қайнатар мынадай ыстықта салқын суға түсіп амалдайтындар бар ғой, алайда шіліңгір шілдеде тіршілік нәрінсіз қалып кеткендерді елестетіңізші. Ақкөл ауданына қарасты Талқара ауылының адамдары шомылу былай тұрсын, бір жұтым суға зәру.
Аптап ыстық алқымнан алғанда, Талқара тұрғындары сусыз қалдық деп қамығуда. Ақкөл ауданына қарасты бұл елді мекеннің жұрты тіршілік көзіне жарымай отыр. Ауылдағы су жүйесін қайта құру жұмыстарының аяқталғанына екі жыл өтсе де, халықтың шөлі қанбапты. Жаңа құбырдың рахатын көруді армандағандар бүгінде судың әр тамшысын үнемдеп ішуге мәжбүр.
ТАТЬЯНА АЛЕКСИКОВА, ТАЛҚАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Су жоқ. Осыдан екі жыл бұрын құбырларды жаңғырту басталғанда, уақытша қиындықтарға төздік. Тек соның игілігін көріп, таза ауыз су ішеміз деп үміттендік. Өткен жылы жұмыс толық аяқталып, әкімдік нысанды қабылдап алды. Бірақ биыл жыл басталғалы бері тіршілік нәрінен тарықтық. Қазір егін науқаны қызып тұрғанда, бақшаны айтпағанның өзінде, қарапайым қол жууға су таппай қалдық.
Күнделікті өмірі тіршілік нәріне тәуелді бұқара амалсыз үйінің ауласынан құдық қазып, жер асты суын тартуға көшкен. Алайда одан да пайда шамалы. Себебі соңғы кездері ауылда жарық жиі өшетіндіктен, су соратын моторлар істен шыға береді екен. Салдарынан қолдары байланған тұрғындар әбден тығырыққа тіреліп, қым-қуыт күн кешуде.
АРТУР ИТАЕВ, ТАЛҚАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Амалсыз өз күшімізбен 35 метр тереңдіктен құдық қазып алдық. Дегенмен, одан шыққан суды бірден ішуге жарамды деп айта алмаймыз. Сол себепті үйге арнайы тазартқыш сүзгі орнатуға тура келді. Жаңа құбырдың жырынан әбден шаршаған көршім де қазір біздің желіге қосылып отыр. Бірақ бұл жүйенің де өз қиындығы бар: сорғыш құрылғы тоққа тәуелді. Жарық сөнсе, тіршілік нәрінсіз, мүлдем дәрменсіз қаламыз.
Мәселеге қанығу үшін тұрғындармен бірге су резервуарларына ат басын тіредік. Жаңадан бой көтерген нысандағы олқылықтар шаш етектен екен. Жауапты мамандардың айтуынша, нысан мемлекеттік стандарттарға мүлдем сай келмейді. Мұнда сүзу қондырғылары дұрыс орнатылмаған, тіпті өрт қауіпсіздігіне жауапты тетіктер де іске алғысыз. Ал тіршілік нәрін айдайтын сорғының орналасуы мүлдем қате. Десе де, аудан басшылығы бұл мәселеге нүкте қоюға уәде беріп отыр. Олар жауапты мердігерге ресми хат жолданғанын және барлық кемшіліктер кепілдік міндеттемелер аясында қалпына келтірілетінін айтып сендірді.
САЯТ КЕНЖЕТАЙ, АҚКӨЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Кемшіліктерді жою үшін подрядный организацияға хат барлығы жіберілді, бұның 2 жыл гарантинный срогы бар. Сол горонтинный срогы бойынша бүкіл мәселелер жойылатын болады міндетті түрде, оны біз қатаң бақылаудамыз. Ол аудан әкімінің бақылауында, оның барлығын жасаймыз.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, резервуарды орнатпас бұрын геологиялық зерттеу жұмыстары толық жүргізілген. Алайда қағаздағы жоба мен қазіргі жағдай бір-біріне сәйкес келмей шықты. Шенеуніктердің сендіруінше, су қоймасы тек ауыз су ретінде тұтынуға есептелген. Егер халық тіршілік нәрін тек ішуге ғана пайдаланса, көлемі толық жетер еді. Бірақ жұрт бау-бақша суарып, резервуардағы қорды тауысып тастайды дейді жауаптылар.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Аптап ыстықта сусыз қалған бұқараның базынасын біз ғой тыңдадық. Ал әкімдік берген уәдесінде тұрып, қара суға зарықтырмай, аста-төк уәдеге қарық қылмай, мәселені жақын арада шешсе игі.