Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Құрылтай: сайлаушылар нені білуі тиіс?

Еліміздегі ең ірі саяси оқиғалардың бірі Құрылтай сайлауына 1 ай уақыт қалды. Биыл 12 миллионнан аса азамат маңызды науқанға қатысу құқығына ие. Сайлаушылар нені біліп, нені ескеруі қажет? Жаңа нормаларға сәйкес енгізілген қандай өзгерістер бар?

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Алда болатын саяси додаға дайындық қызу. Партиялық тізімдер тіркеліп, учаскілер бекітіліп, дауыс берушілердің тізімі жаңартылды. 2 тамызға дейін сайлаушылардың нақты саны учаскелік комиссияға берілуі тиіс. Ал 7 тамыздан бастап әрбір азамат өзін тізімде бар-жоғын тексере алады. Егер де базада болмаса, өтініш беріп, тіркелуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ биыл алғаш рет үздіксіз өндіріс орындары мен вахталық кәсіпорындар аумағында арнайы сайлау учаскелерін ашуға ресми түрде рұқсат берілді. Яғни, осы санатқа жататын азаматтар жұмыс орнында дауыс береді.

ҒАЛИ ДІНМҰХАММЕД, «ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биылғы сайлаудың негізгі ерекшеліктері осы вахталық әдіспен немесе үздіксіз жұмыс істейтін жұмыс орындары бар ғой, сол жердегі азаматтардың сайлау құқығын, мүмкіндігін реттеу. Яғни, жаңа нормаға сәйкес, осы кен орындарда немесе өндірістерде сайлау учаскелерін ашуға мүмкіндіктері бар.

Еліміз үшін ерекше күнде ерекше жандарға да бөлек көңіл бөлінбек. Олар үшін арнайы кабиналар жабдықталған. Сонымен қатар, үйде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай құқық денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтарға беріліп отыр.

РУСЛАН КЕҢЕСБАЕВ, «АЗАТ» МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСҚАРУШЫ ТӨРАҒАСЫ:

Мониторинг топтары жасалады. Сол учаскілер ашылған жағдайда біздің мониторинг топтары барып, тексереді қолжетімділігін. Көрмейтіндерге, естімейтіндерге, коляскамен жүретіндерге. Соған орай арнайы лифт, көтергіш жасалған пандустар, көрмейтін кісілерге тактильді плиткалар қолданады.

Конституциялық заңға сәйкес, сайлау учаскесінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге тек байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне рұқсат берілді. Сондай-ақ жаңа нормада арнайы «сайлау құпиясы» деген тармақ енгізіліп отыр. Енді дауыс беруші адам бюллетеньді суретке түсіріп, өзгеге жолдай алмайды.

ҒАЛИ ДІНМҰХАММЕД, «ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сайлау құпиясы деген мәселесі бар. Сайлау құпиясы дегеніміз, мысалға, сайлау күні сайлаушы өз дауысын беріп, ол бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны басқа біреуге беруге шектеу қойылады. Кейбір жағдайларда біреудің қысымы арқылы немесе сұрау арқылы, немесе ақша сұрау арқылы кімге, қай партияға дауыс бергенін талап етуі мүмкін.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Сонымен қатар, дауыс беруші дәл сайлау күні өзінің тұрғылықты жерінде жоқ болса да дауыс бере алады. Ол үшін алдын ала өтініш жазып, саяси науқан күні қайда болатынын жазып, жақын маңдағы учаскені таңдай алады. Демек, дауыс беру құқығы бәріне бірдей беріледі.

← Барлық жаңалықтар