Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Әлем жаңалықтары

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі табиғи апаттар мен қауіпті індеттер жаһан жұртшылығын алаңдатып отыр. Канада мен Түркияда тілсіз жау мыңдаған гектар орманды күлге айналдырып, халықты әбігерге салса, Оңтүстік Америкада «Эль-Ниньо» климаттық құбылысынан күн райы күрт бұзылды. Ал Африка құрлығында Эбола індеті дендеп барады, құрбандар саны мыңнан асты.

ЖОЙҚЫН ОРМАН ӨРТІ. КАНАДА

Канадада өршіп тұрған орман өрті көршілес АҚШ-қа да кері әсерін тигізе бастады. Шектес аймақтарда түтін салдарынан жолдағы көрініс нашарлап, ауа сапасы күрт төмендеген. Бұл жағдай тіпті екі ел арасында саяси айыптауларға ұласты. Қазір Канада бойынша 900-ден астам белсенді өрт ошағы бар. Жыл басынан бері елде 4 мыңға жуық орман өрті тіркеліп, 3,3 миллион гектардан астам жер күлге айналған. Аптап ыстық пен соққан жел қою түтінді АҚШ шекарасына қарай айдады. Ауаның улануынан Британдық Колумбия провинциясында дабыл жарияланып, тұрғындардың тыныс алуы қиындаған. Бұл жағдай АҚШ пен Канада билігі арасында дау тудырды. Вашингтон өкілдері «Канада ормандарды дұрыс бақыламай, ауаны ластады» деп айыптаса, Оттава бұл сөздерді негізсіз деп тапты.

ТҮРКИЯ ЖАҒДАЙ МӘЗ ЕМЕС

Түркияда да жағдай мәз емес. Елдің оңтүстік-батысында орман өрті өршіп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Тілсіз жау Фетхие ауданындағы таулы аймақта тұтанған. Қалың орманды шарпыған жалын елді мекендерге жақындап, үйлер жанып жатыр. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 100-ге жуық адам эвакуацияланған. Қызыл жалынды ауыздықтауға 380 өрт сөндіруші мен 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Таулы аймақтағы өртті сөндіру үшін әуеден 14 тікұшақ пен 5 ұшақ үзіліссіз су шашып жатыр. Құтқару операциясы тәулік бойы жалғасуда.

ЭЛЬ-НИНЬОНЫҢ САЛДАРЫ. ОҢТҮСТІК АМЕРИКА

Оңтүстік Америка елдері «Эль-Ниньо» климаттық құбылысының кесірінен бұрын-соңды болмаған табиғи апатқа тап болды. Тынық мұхитындағы судың күрт жылынуы құрлықтағы ауа райын түбегейлі өзгерткен. Апаттың зардабы әр елде түрлі көрініс табуда. Боливияда орман өрті өршіп, тікұшақтармен сөндіріліп жатса, Чили мен Бразилияда толассыз жауын жойқын су тасқынына ұласты. Ал Перуде мұхит суының жылынуынан балықтар тереңге кетіп, азықсыз қалған құстар жаппай қырылуда. Метеорологтардың сөзінше, бұл тек бастамасы ғана. Апаттың нағыз шарықтау шегі қараша мен қаңтар айларында күтілуде. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым алдағы уақытта мұхит температурасы тағы көтеріліп, құрғақшылық, нөсер жауын мен аптап ыстық одан әрі күшейетінін ескертті.

ЭБОЛА ІНДЕТІ ДЕНДЕП БАРАДЫ. АФРИКА

Африкада Эбола вирусынан қаза тапқандар саны мың адамнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жағдайды «халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай» деп жариялады. Қауіпті індет Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада өршіп тұр. Соңғы мәліметтерге сай, қос мемлекетте вирус жұқтырғандар саны екі жарым мыңға жуықтады. Оның 1001-і көз жұмған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл тарихтағы ең ірі әрі ең жылдам таралып жатқан үшінші Эбола індеті. Қазір Конгода 700-ден астам науқас оқшауланып, ауруханаларда ем қабылдап жатыр. 480-тен астам адам дертінен айыққан. Ал Угандада жағдай тұрақталып келеді. Ондағы соңғы науқас 16 шілдеде ауруханадан шығарылды.

← Барлық жаңалықтар