Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

К. Байсейітова атындағы мектептің ғимараты жаңарады

Алматыдағы аты аңызға айналған музыка мектеп-интернаты сүріледі. Еліміздің талай дүлдүл әншісі оқып, талай композиторды қанаттандырған білім ошағы 78 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Жылда әр бұрышын бір жамағанмен көпке жарамайтыны белгілі еді. Дарынды балалар мен ұлағатты ұстаздар енді қайда барады? Күләш Байсейітова атындағы білім ошағына тілшіміз барып келді.

Талайдың талантын ашып, қанаттандырған мектеп-интернаттың қабырғасына дейін сөйлеп тұр. «Мен, мен» деген небір дүлдүл әншілер осында білім алған. Сексен жылдық тарихында күрделі жөндеуден де өтпеген. Құр маусым сайын әр жерін бір әктеп, қалыпқа келтіріп отырыпты ұстаздар. Тарихи ғимарат дарынды балаларға арналған. Еліміздің әр өңірінен қабылданатын оқушылар интернатта жатып оқиды.

НҰРЛАН АЙҚЫНБАЕВА, К. БАЙСЕЙІТОВА АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазақстан бойынша балалар келгендіктен, жан-жақтан сұранысқа көп сұраныс бар. Бірақ соның бәрін қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бөлмелер аз, асханасы да кішкентай. Мектебіміз ескіріп тұр. Кабинеттердің жетіспеушілігіне байланысты музыка пәнінің бір бөлігі жертөле бөлімдерінде өткізіледі.

Ғимарат 1968 жылы қолданысқа беріліпті. Бүгінде небары 110 орын ғана бар. 300-ге тарта ұстаз білім береді. Бірақ жылдан-жылға өнерлі баланың саны артып жатыр, ал мектеп қабылдауға қауқарсыз. Сондықтан тарихи нысанды сүріп, жаңадан заман талабына сай қайта салу жоспарланыпты. Бұл осы мектептің түлектерінің де арманы.

АЙДОС САҒАТ, САЗГЕР:

Дәл сол жерде жаңа мектеп бой көтеріледі. Өзінің балалар жатып оқитын интернаты болады. Заманға сай, кең үлкен ғимарат салуды жоспарлап отыр. Өте тамаша ұсыныс. Мен осы білім ошағының түлегі ретінде әркез барып тұрамын. Оқушылар жертөлені айтпағанда, дәлізде дәріс алады. Ғимарат сүрілгенімен, мектеп жабылмайды, керісінше, дарынды балаларға жағдай жасалады. Техникалық базасы жаңарып, сыйымдылығы артады. Бұл сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Мектеп кәсіби музыканттарды дайындауға бағытталған. Ал бұл жерде тіпті аспаптарды сақтайтын қойма да жоқ. Кабинеттің тапшылығынан оның бәрі дәріс бөлмесіне айналған. Алты мамандықта оқитын оқушылар сыз тартқан жертөледе оқымас үшін жаңа нысан қажет деп санайды. Айта кетейік, алты бағыт бойынша оқытатын мектепте елімізге белгілі Қарақат Әбілдина, Әли Оқапов, Карина Абдуллина сияқты көптеген өнер иелері түлеп ұшқан.

← Барлық жаңалықтар