Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 53 қаралым

«Болашақ ойындары 2026» турнирі басталды

Онлайн ойын мен дәстүрлі спорт бір арнаға тоғысты. Енді бұл екеуін бөліп-жарудың қажеті жоқ. Өйткені виртуалды әлемнің жүйріктері шеберлігін экран алдында ғана емес, жарыс алаңында да паш етеді. Бүгін бас қаланың төрінде жаңа буынның трендіне айналған жаһандық дода – «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорт сайысы жалауын көтерді.

Жаһандық ауқымдағы бұл сайыс алғаш рет екі жыл бұрын Қазан қаласында ұйымдастырылған-тұғын. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті турнирді Қазақстанда өткізуді ұсынған еді. Араға екі жыл салып еліміз дүбірлі доданы қабылдау құқығына ие болды. Бүгін «Болашақ ойындары 2026» турнирінің ашылуында сөйлеген Президент виртуалды әлем мен шынайы ойынды ұштастырған сайыстың маңызына тоқталды. Осы жолғы біріншілікке әлемнің 34 елінен 800-ге жуық атлет қатысуға ниет білдіріпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фиджитал форматындағы ойынның артықшылығы көп. Мұнда ептілік, ақыл-ой мен стратегия қатар талап етіледі.

ДАНИЭЛЬ МЕРКЛИ, «PHYGITAL INTERNATIONAL» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Сайыстың тағы бір ұтымды жері – біз экран алдында көп уақыт өткізіп, белсенділігі төмендеп кеткен жастарға белсенді өмірді насихаттаймыз. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жарыс өте қызықты әрі тартысты өтеді, интригаға толы. Мысалы, сіз цифрлық ойында мықты болғаныңызбен, жарыстың физикалық бөлігіне келгенде осалдық танытсаңыз, жеңіске жете алмауыңыз мүмкін.

Иә, мұндай жағдай жарыстың алғашқы күнінде тіркелді. Фиджитал баскетбол сайысында Сербия мен Қытай командалары кездескен еді. Онлайн сайыста басымдық танытқан аспан асты елінің атлеттері алаңға шыққанда ойсырай жеңіліп қалды.

МАРКО КОЛЬЕВИЧ, «DANGEROUS» КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ:

Бұл ең үздік нәтиже болады деп үміттенемін. Бүгін жолымыз болып, 37:31 есебімен жеңіске жеттік. Дегенмен қарсыластар соңына дейін күресті. Бұл ойында біз мінез бен менталитетті көрсете білдік. Соңына дейін ойнап, жеңісті жұлып алдық. Мұнымен тоқтамаймыз, алда әлі 3 ойын бар.

Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық GTB KZ командасы да өнер көрсетті. Хорваттармен шеберлік байқасқан жерлестеріміз есе жіберді.

ЕСЕТ ЖАРҚЫЛОВ, GTB KZ КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ:

Цифрлық бөлімде тым асығыстық таныттық. Осылайша өз соққыларымызды дарыта алмадық. Ал қарсыласымызға сәттілік серік болды деуге болады. Негізі өзіміз тұрақты ойнап, белсенді жаттығып жүрген спортшылармыз. Содан да болар, мен үшін жарыстың онлайн жағы қиындау болды.

Фиджитал баскетбол жарысы ертең де жалғасады. Жалпы жаһан жұрты көз тіккен турнир ойынның 8 түрі бойынша өтеді. Байрақты бәсекеде кімнің бағы мен бабы қатар шабатыны 12 күннен соң белгілі болады.

← Барлық жаңалықтар