Жапониядағы жойқын жер сілкінісі 13 адамның өмірін қиды. Елдің оңтүстігінде орналасқан Кумамото қаласының маңында болған 7,1 магнитудалық толқу бірқатар ғимараттың күл-талқанын шығарды. Құтқарушылар үйінді астында қалған тұрғындарды іздеп жүр. Зілзала аймақтағы жолдарды бүлдіріп, мыңдаған тұрғын үйді жарықсыз қалдырды. Бір айналдырса, шыр айналдырады демекші, жер сілкінісінен кейін шамамен бір сағаттан соң сауда орталықтарының бірінде жарылыс болып, ғимарат қирап қалды. Ол жерде тағы екі адам көз жұмды.
СӨЗ БЕН ІС ҚАБЫСПАЙ ЖАТЫР. АҚШ
АҚШ президенті Дональд Трамп Мичигандағы митингте Вашингтон мен Тегеран арасында достық негізде келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеді. Алайда ол Иранға қатысты қатаң әрекеттер жалғасатынын да ескертті.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Оларды сатып ала алмайсың, тек тізе бүктіру керек. Біз Иранның тас-талқанын шығарамыз. Қазір өте достық келіссөздер жүріп жатыр. Айтпақшы, біздің Әскери-теңіз күштерінің қоршауы өте мінсіз, ішке бірде-бір қайық кіре алмайды.
ИРАН
Алайда Иран Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство өкілі Эсмаил Багаи АҚШ меморандумды бұзғанын айтып, қазір Вашингтонмен тікелей келіссөз жүріп жатпағанын кесіп айтты. Оның сөзінше, хабарламалар тек делдалдар арқылы ғана берілуі мүмкін.
ЭСМАИЛ БАГАИ, ИРАН СІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Келісімді біржақты жүзеге асыру мүмкін емес, бұл заңдылық. Сондықтан Иран өз міндеттемелерін орындауды тоқтатты. Уақыты келгенде алдағы жоспарды талқылаймыз. Бірақ бір нәрсе анық: Иран ешқашан өзінің ұлттық мүдделері мен қауіпсіздік принциптерін құрбан етпейді.
Багаи сондай-ақ АҚШ-тың соғыс басында Иранды тез тізе бүктіреміз деген жоспары іске аспағанын еске салды. Ресми Тегеран соғыс пен бейбітшілік шарттарын АҚШ-тың белгілеуіне жол бермейтінін және ұлттық мүддені бірінші орынға қоятынын қадап айтты.
ҚАН ЖҰТҚАН ҚАРАША. ПАЛЕСТИНА
Газа секторындағы азаматтық қорғаныс қызметкерлері үйінді астында қалған жүздеген адамның мәйітін шығарып жатыр. Алайда ауыр техниканың тапшылығы бұл жұмысты қиындатып отыр. Авиасоққылардан ең көп зардап шеккен Сабра ауданында ондаған үй қираған. Көптеген тұрғынның мәйіті әлі күнге дейін үйінді астында жатыр.
ИБРАГИМ ӘБУ ШАРИА, ГАЗА ТҰРҒЫНЫ:
Мұндағы барлық тұрғынның қайғысы бір. Онсыз да қиын өмір тіпті ауырлап кетті. Үш жылға жуық уақыт бойы біз күн сайын осында келіп, жақындарымызды еске аламыз. Бұл іздеу-құтқару жұмыстары жарамыздың бетін қайта тырнайды. Тіпті сүйектер табылған күннің өзінде оның кімге тиесілі екенін дөп басып айта алмаймыз.
Азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, қазір мәйіттерді алып шығуға бар-жоғы бір экскаватор қолданылып жатыр. Құқық қорғаушылардың бағалауынша, Газада 10 мыңнан астам адам хабарсыз кеткен. Ал БҰҰ дерегіне сүйенсек, анклавтағы тұрғын үйлердің 90 пайыздан астамы қираған немесе зақымдалған, ал қаза тапқан палестиналықтардың саны 73 мыңнан асты.
ФРАНЦИЯДА АЛАПАТ ӨРТ. ФРАНЦИЯ
Францияның оңтүстік-батысында орман өрті өршіп тұр. Тілсіз жау Бордо қаласы мен шарап өндіретін аймаққа 15 шақырымға дейін таяған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жалын 42 мың гектар аумақты күлге айналдырды. Оны сөндіруге 4 мыңнан астам адам мен 18 ұшақ жұмылдырылған. Қауіпті аймақтан 200 мыңнан астам жергілікті тұрғын мен турист қауіпсіз жерге көшірілді.
ЭММАНУЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Үйлерін тастап, бірнеше күннен бері спорт залдарында жатқан жандарға қолдау білдіргім келеді. Эвакуацияланған 200 мыңнан астам адамның барлығына көмек көрсетілді. Біз олардың үйлеріне тезірек әрі толық қауіпсіз жағдайда оралуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Ауа райының ысуы мен қатты жел жағдайды ушықтыруы мүмкін. Үкіметтің айтуынша, бұл апат аймақ экономикасына, әсіресе туризм мен шарап өндірісіне ауыр соққы болды. Ал биылғы орман өрті көлемі жағынан 2022 жылғы көрсеткіштен асып түсті.
ТУРИЗМГЕ ҚАРСЫ ШЕРУГЕ ШЫҚТЫ. ИСПАНИЯ
Майорка көшелері наразылық білдірушілерге лық толды. Балеар аралының тұрғындары жаппай туризмге қарсы шеруге шықты. Жергілікті халықтың айтуынша, Испанияның туристік индустриясы адамдар мен қоршаған ортаға үлкен қысым жасап отыр. Әлемде туристер ең көп баратын елдердің тізімінде Франциядан кейін екінші орында тұрған Испания 2025 жылы 96,8 миллион саяхатшыны қабылдаған.
АННА, ТҰРҒЫН:
Құрдымға кетудің алдында тұрмыз. Аралмен көлік қатынасы және қозғалыс мүмкін болмай барады. Үнемі кептеліс, пойыздарға жүктеме еселеп артқан. Жан-жағыңызға қарасаңыз, толық жылдамдықпен жүйткіп бара жатқан отарбаларды көресіз. Бұл күн сайын қайталанады. Жердің, ресурстардың және басқа да дүниенің шегі бар.
Үкіметтің болжамы бойынша, маусымнан қыркүйекке дейінгі аралықта туристер ел экономикасына 64 миллиард еуро табыс әкеледі. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға көп. Осылайша туризм Испанияның экономикалық өсімінің негізгі қозғалтқышы болып отыр. Бірақ туристің көптігінен жергілікті халық әбден қажыдық деп наразылық білдіруде.