Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ

2500 қобыз жасаған ақсақал

Жамбылдың тұрғыны ауылда отырып-ақ 2500-ден аса қобыз жасаған. Оның қолынан туған ұлттық аспаптарға тек қазақтар емес, шетелдік туристер де ерекше қызығушылық танытып, сатып алып жатыр. Шебердің соңғы екі қобызы Франция мен Бельгияға жол тартқан.

Қанат Қазақбаевтың қобыздың қоңыр үнін естіп, ұлттық аспаптарды жасауға қызығушылығының оянғанына да талай жылдың жүзі болыпты. 64 жастағы ақсақал әскерден орала сала шеберлікке бет бұрған. Оған Қорқыт бабамыздан қалған құнды аспаптың әуені әсер еткен. Содан бері зейнеткер қолы қалт етсе, үй жанындағы шағын шеберханасына асығады. Одан қалса, қобызға қажетті ағашты іздеп уақытын өткізеді.

ҚАНАТ ҚАЗАҚБАЕВ, ШЕБЕР:

Апам марқұм айтатын: арғы аталарың барлығы шетінен ұста болған деп. Былайша бүкіл қазақта ұсталық бар ғой негізі. Әскерден келгеннен кейін бір қобыз көріп, дауысын естіп, құмарып ауып, сол уақыттан бастап қобыз жасап келе жатырмын.

Қазақтың үнін әлемге танытқан хас шебер аядай бөлмеде отырып, бүгінде 2500-ден аса ішекті аспап жасап шығарған. Қобызға қызығып, сатып алғандардың арасында шетелдік туристер де көп. 40 жылдық тәжірибесі бар қария қылқобыз, нарқобыз және көне қобыздарға жаңаша дем беріп, оларды қайта жандандырған.

ҚАНАТ ҚАЗАҚБАЕВ, ШЕБЕР:

Француз жігіті үйге келіп алып кетті. Турист болып Қырғызстанға бара жатып естіп, Астанадан мекенжайымды алып, мен өзім теміржол бекетінен күтіп алдым. Қонып, осы жерде ойнап көрді. Сондай-сондай әр елден шығып жатады.

Шебердің қолынан шыққан әрбір дүние — өнер мен тәжірибенің жемісі. Ол тапсырыстарын орындап қана қоймай, шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған. Елордадан арнайы келген студент ақсақалдың жанында жүріп, қобыз жасаудың қыр-сырын меңгеруде.

ДАМИР САПАРБЕКОВ, СТУДЕНТ:

Мақсатым – осының бәрін үйреніп алғым келеді. Кәсіп етіп емес, кем дегенде 1-2 қобыз істеп көргім келеді. Ары қарай көрініп жатыр. Сапалы болып жатса, жалғастыруға болады. Мысалы, 1-2 қобыз нақты шығарғым келеді.

Бұрынғы Рим папасы Иоанн Павел II-ге де шебердің төл туындысы тарту етілген. Қанат Қазақбаев ұлттық аспапты 2001 жылы Ватикан басшысы елге ресми сапармен келген тұста жеке сұранысына сай жасап беріпті.

← Барлық жаңалықтар