Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

АҚШ Иранға қайта соққы жасады

Бейбіт күннің ауылы алыс. АҚШ қарулы күштері Иран аумағын қайтадан әуеден бомбалады. Бұл әрекетін Ақ үй жауымыздың Иорданиядағы базамызға жасаған шабуылына «қуатты жауап» деп отыр. Қарымта соққы салдарынан Иранның оңтүстігіндегі бірнеше аймақта, соның ішінде Кешм аралында бейбіт халықтың тұрғын үйлері де қирап қалды. Құтқарушылар үйінді астында қалған тұрғындарды алып шығуға барын салып жатыр. Еске салайық, АҚШ пен Израильдің осыдан бес ай бұрын Иранға қарсы басталған әскери қақтығысының кесірі аймақтағы тек жатқан басқа елдерге тиді. Осы уақытқа дейін мыңдаған адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын босып кетті.

ИРАКТАН ТЫНЫШТЫҚ КЕТТІ. ИРАК

Ирактың Мосул және Бағдад қалаларында әуе соққысынан қаза тапқан «Хашд әш-Шааби» қарулы тобының мүшелерімен қоштасу рәсімі өтті. Мәйіттерді жерлеуге жүзден аса адам жиналды. Бұған дейін Сауд Арабиясы мен АҚШ күштері Ирактағы Иранды қолдайтын топтардың базаларына бірлескен әуе соққыларын жасаған. Вашингтон мен Эр-Рияд бұл қадамды соңғы үш тәулікте Сауд Арабиясының мұнай нысандарына жасалған 30-дан астам дрон шабуылына қарымта жауап деп мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан Ирактың қарулы тобының кемі 20 мүшесі қаза тауып, 30-дан астамы жарақат алған.

ЕУРОПА ӨРТКЕ ОРАНДЫ. ГРЕКИЯ

Еуропа мен Жерорта теңізі жағалауын алапат орман өрті шарпыды. Рекордтық аптап ыстық пен қатты жел тілсіз жауды ауыздықтауға кедергі келтіруде. Грекияда өртпен күрес кезінде үш құтқарушы қаза тапты. Қызыл жалын Крит және Лесбос аралдарында бақылаудан шығып, жергілікті тұрғындар мен туристер шұғыл түрде эвакуацияланып жатыр.

Ал Францияның оңтүстік-батысындағы Бордо маңында жағдай тіптен күрделі. Мұнда 42 мың гектар қарағайлы орман күлге айналып, 220 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Синоптиктердің болжамынша, аймақта ауа температурасы 42 градусқа дейін жетіп, құрғақ жел өртті одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Тілсіз жау Испания мен Түркияны да айналып өтпеді. Испанияның Самора провинциясында қауіпсіздік мақсатында қарттар үйінің тұрғындары көшірілсе, Түркияның Мугла аймағында аурухана мен жүздеген тұрғын үй босатылды. Тілсіз жауға қарсы тікұшақтар мен ұшақтар жұмылдырылғанымен, жел бағытының жиі өзгеруі өртті сөндіруді қиындатып жіберді. Еуропалық сарапшылардың мәліметінше, жаһандық жылыну мен құрғақшылық салдарынан құрлықтағы өрт қаупі алдағы апталарда жоғары деңгейде сақталмақ.

ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ… КОНГО

Конгода Эбола індеті жылдам таралуда. БҰҰ мәліметінше, соңғы тәулікте 50 адам көз жұмып, науқастар саны екі есе артып жатыр. Өлім-жітімнің 60 пайызы ауруханада емес, үйде тіркелгендіктен, отбасы мүшелеріне вирус жұқтыру қаупі жоғары. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды дәрігерге уақытылы қаралуға шақырады. Бұл аздай елде азық-түлік тапшылығы ушығып тұр. Қазір 10 миллионға жуық адам ашаршылық зардабын тартса, оның 3 миллионының жағдайы мүшкіл. БҰҰ өкілдері аймаққа шұғыл гуманитарлық көмек қажет екенін мәлімдеді.

НЕМІСТЕР ОҢБАЙ ҚАТЕЛЕСТІ. ГЕРМАНИЯ

Германиядағы Audi зауытының мыңдаған жұмысшысы ереуілге шықты. Олар «кәсіпорын жабылып, жұмыссыз қаламыз ба?» деп алаңдап отыр. Мәселе мынада: Audi-ге иелік ететін Volkswagen компаниясы шығынның көбеюі мен Қытай автокөліктерінің бәсекесіне төтеп бере алмай, 2030 жылдан кейін бірнеше зауытын жаппақшы. Қазірдің өзінде бұл кәсіпорында көлік шығару азайып, түнгі ауысым жұмысын тоқтатқан.

Алайда жұмысшылар бұған келіспейді, олар зауытты да, жұмыс орындарын да сақтап қалуды талап етуде. Неміс автоөндірушілері нарық сұранысына сай электромобиль шығаруға уақытылы көшпеген. Соның салдарынан мыңдаған қызметкерін қысқартуға мәжбүр.

← Барлық жаңалықтар