Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Көбейтұз көлі мемлекет қарауында болады

Контент үшін Көбейтұзды көлігімен кешіп, тіпті тұзын күректеп қазып алып кететін туристерді көзіміз көріп жүр. Енді әлемде саусақпен ғана санарлық қызғылт түсті көлдің біздегісі мемлекет қарауында болады. Жаһан жұртшылығын тамсандырған Көбейтұздың экожүйесін сақтап қалу үшін жауаптылар жаңа талаптар енгізді.

Қызғылт суы мен тұзды жағалауын тамашалау үшін жыл сайын әлемнің әр түкпір-түкпірінен мыңдаған турист Көбейтұзға ат басын бұрады. Алайда олардың нөпірі саны артқан сайын табиғатқа түсетін салмақ та көбейді. Кейбір демалушылар көлігімен көлге тым жақын барып, экожүйеге қауіп төндіруде. Тіпті тұзын қап-қап қылып жинап, алып кеткендер де бар. Әлеуметтік желіде тараған мұндай сорақылықтан соң табиғи аумақты қорғау мәселесі көтеріліп, көп ұзамай оған нүкте қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен енді Көбейтұз мемлекет қорғауына алынады.

БАТЫРЖАН ӘБІЛПЕЙІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Көбейтұз көліндегі туристер ағынының артуына байланысты Ақмола облысының әкімдігі жедел шаралар қабылдады. Аумаққа көлікпен және рұқсатсыз кіруді шектеу мақсатында арнайы бекет орнатылды. Қазіргі уақытта Ерейментау орман шаруашылығы, аудан әкімдігі және полиция қызметкерлері бірлесіп, көл маңын күнделікті патрульдеуде.

Жауаптылар Көбейтұзды сақтап қалу үшін барымызды саламыз деп отыр. Себебі әлемде мұндай қызғылт түсті көлдер санаулы ғана. Осы тұста «Бұйратау» ұлттық паркінің шекарасы кеңейтіліп, көл аумағы парк құрамына енгізіледі. Жергілікті атқамінерлер еліміздің беткеұстар туристік аймағын көзіміздің қарашығындай сақтау міндетіміз дейді.

НҰРЛАН МҰҚАТОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазақстан еліміздің табиғи маңызды жерлерінің бірі деп есептейміз. Сондықтан осы жасалып жатқан шара келешек ұрпағымызға осы табиғаттың көркін көрсетіп, үлкен, әдемі жерлерді сақтап қалу жұмыстарын жасап жатырмыз.

Қорыта айтсақ, енді көлге көлікпен емін-еркін кіріп, жағалауға дейін тайраңдап жүруге тыйым салынады. Кіреберіске арнайы бақылау бекеті қойылып, аумақ күн сайын қадағаланып жатыр. Бұл жұмыстарға Ерейментау орман шаруашылығы, аудан әкімдігі мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта көл маңында арнайы автотұрақ пен тамашалау алаңы салынады. Негізгі мақсат – туристерге шектеу қою емес, қауіпсіздікті арттырып, табиғаттың теңдессіз сыйын сақтап қалу.

← Барлық жаңалықтар