Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

«Dota 2» жұлдыздары Астанаға жиналды

Миллиондаған ойыншыны бір алаңға тоғыстырған «Dota 2» енді Астанадағы үлкен спорттық тартыстың өзегіне айналды. «Болашақ ойындары 2026» турнирінде әлемнің үздік киберспортшылары бас қосып, 1 миллион долларлық жүлдеге таласып жатыр.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАМБЕТ, ТІЛШІ:

Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары 2026» турнирінде ең шешуші кезең басталды. Dota 2 ойыны бойынша 16 кәсіби команда өзара мықтыны анықтауда. Ереже қатал: бұл кезеңде жеңілген ұжым жарысты біржола аяқтайды. Ал үздік шыққандар гранд финалға өтіп, 1 млн доллар жүлде қорына таласады.

Dota 2 — әлемдегі ең танымал киберспорттық ойындардың бірі. Мұнда жеңіс тек жылдамдыққа емес, дәл есепке, командалық үйлесімге және дұрыс қабылданған шешімге байланысты. Сондықтан әр матч — стратегия мен шеберліктің тартысы. Миллиондаған жанкүйері бар бұл ойынды тамашалау үшін Астанаға шетелден арнайы келгендер де бар.

МАТВЕЙ УТКИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АЗАМАТЫ:

Ойын жоғары деңгейде өтуде, өйткені мұнда тек нағыз кәсіби командалар бақ сынасуда. Олардың әрбір қимылы алдын ала есептелген, ал ерекше тактикасы мен батыл шешімдері бірден көзге түседі. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!

МИХАИЛ ЛАГВИНЕНКО, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл — таңғы матч болғандықтан, командалар әлі толық сергіп үлгермегендей көрінеді. Дегенмен ойын біртіндеп қыза түсуде. Алғашқы кездесу өте тартысты өтіп, ойыншылар алаңға сенімді қадам басты. Жарысқа қатысып жатқан командалардың бәрі мықты, сондықтан олардың жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсететініне сенімім мол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың арасында Сауд Арабиясында өткен әлем чемпионатынан келген үздік ұжымдар бар. Ал Астанадағы дода аяқталған соң, олар Шанхайда өтетін жаһандағы ең беделді киберспорт турнирлерінің біріне жол тартады.

ӘЛІБЕК ХАСЕНОВ, «БОЛАШАҚ ОЙЫНДАРЫ 2026» ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазақстандық командаға жанкүйерлер тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Бәсеке өте жоғары болғанымен, ойыншыларымыз турнирге тас-түйін дайын. Олардың жоғары деңгейдегі тартысты ойын өрнегін көрсететініне сеніміміз мол. Жалпы турнирге 16 команда қатысуда. Алғашқы екі күнде топтық кезең ойындары артта қалды. Қазір ең шешуші плей-офф кезеңі басталып, командалар аренада аянып қалмай бақ сынасуда.

Айта кетейік, жарысқа әлемнің 34 елінен ең үздік командалар қатысып жатыр. Ал алғашқы бес күннің өзінде турнир трансляцияларын көргендер саны 1 миллиардтан асқан. Жалпы алдағы ойындарда үздіктер анықталып, гранд финалға жолдама алатын командалар белгілі болады.

← Барлық жаңалықтар