Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнында креативті кластердің құрылысы басталды.
Гоголь және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында он жылдан бері қаңырап тұрған аумақта енді аумағы 32 мың шаршы метр болатын кешен салынады. Онда концерт залы, студиялар, галерея, отандық дизайнерлердің шоурумдары, шығармашылық шеберхана мен кеңселер ашылмақ. Сондай-ақ аумақта амфитеатр, жазғы сахна, саябақ пен ойын алаңдары болады. Кластер құрылысына шамамен бір миллиард теңге бөлінеді. Идея 2016 жылы трамвай қозғалысы тоқтағанда пайда болғанымен, жобаны келісу жұмыстарына байланысты іске асыру енді басталды. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір барлық рұқсат құжаттары дайын, ескі ғимараттар бұзылып, белсенді құрылыс кезеңі басталды.