Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Алматы жас шахматшылар астанасына айналды

Төрткүл дүние Алматыға көз тікті. Бүкіл әлемнің ең мықты шахматшы студенттері қазір Оңтүстік астанамыздағы жарысқа қатысып жатыр. Атақты Оксфорд, Гарвард, Кэмбридждің жас таланттарымен бірге өзіміздің үш бірдей оқу ордамыздан командалар бар.

Әлемдік доданың шымылдығы ерекше сән-салтанатпен ашылды. Университеттік командалар арасында ұйымдастырылған тұңғыш командалық шахмат чемпионатының онлайн іріктеу сындарына 6 құрлықтағы 49 мемлекеттен 79 университет қатысты. Іріктеу сынынан сүрінбей өткен 16 команда Алматыда бақ сынауда. Олардың арасында Оксфорд, Кембридж және Гарвард сияқты белді оқу орындары бар.

ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз қатысушылардың әрқайсысы осы ойын үшін бәсекелесе алады деп сенеміз. Біздің көптеген жетекші шахматшыларымыз осында оқиды. Бұл нағыз командалық ойын. Мұнда бір адамға тәуелді болмайды. Бұл үйлесімді жұмысқа байланысты болады. Мен біздің жігіттеріміздің, біздің университеттеріміздің әлемнің жетекші университеттерімен тең ойнап жатқанын мақтан тұтамыз. Барлық командаларымызға үлкен табыс тілейміз.

Чемпионатқа қатысып жатқан әлемдік іргелі университеттерде шахмат клубтары бір жарым ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Дегенмен қазақстандықтар іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, елімізде де шахматтың жақсы дамып келе жатқанын дәлелдей түскен. Мұндай байрақты бәсекені өткізу жастарға үлкен үлгі әрі насихат дейді министр.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Әсіресе жастарға үлкен үлгі болады. Біздің үш университетіміз алғашқы этаптардан өтіп, қазір мына соңғы этапқа ілігіп кетті. Сондықтан студенттер арасында, жастардың арасында шахматқа деген қызығушылық жоғары, әрине. Және Бібісара деген біздің мықты-мықты жастарымыз шығып жатыр.

Алматыға келген командалар сайдың тасындай іріктелген, сен тұр, мен атайын деген кіл мықтылар. Дей тұрғанмен Қазақстан намысын үш бірдей жоғары оқу орнының үш командасы қорғайды. Жарысқа қатысушылар қарсыластарының осал емес екендігін айтады.

ҚАЗЫБЕК НӨГЕРБЕК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Командалық рух болып, бір-бірімізді қолдау қажетпіз. Әрине, бір-бірімізге сенімділік беру керекпіз. Көп мотивация. Біздің басты қарсыластарымыз – АҚШ-тан келген Сент-Луис университеті және Ресейден Орал командасы. Тағы басқа біздің группада Индонезия, біздің Қазақ әл-Фараби университеті бар.

Жарыс 7 күн болады. Чемпионаттың жүлде қоры да қомақты. Қай елдің студенттері интеллекті жоғары екені 2026 жылғы 10 тамызда белгілі болады.

← Барлық жаңалықтар