30 млн-нан астам құжат. Бұл мемлекет қорында сақталған құнды деректердің саны. Бүгін Елордада Ұлттық архивтің 20 жылдығына орай халықаралық конференция өтті. Мәдениет және ақпарат министрі Мемлекет басшысының атынан жіберілген құттықтау хатын оқыды. Аида Балаева еліміз үшін маңызды жиынға арнайы шетелден келген меймандарымызға ризашылығын білдірді. Сөз арасында министр өткенге есеп беріп, болашаққа жаңа бағдарды анықтауда Ұлттық архивтің орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ айтулы датада сала мамандарының көңілдері бір тасып қалды. Жылдар бойы еңбек етіп жүрген қызметкерлерді министр құттықтап, мемлекеттік награда мен марапаттарын салтанатты түрде табыстады.
МАЙРА ҚАЙЫРБАЙҚЫЗЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МҰРАҒАТЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
ҚР-ның Ұлттық мұрағаты құрылғаннан бастап, сол жерде қызмет атқардым. Мінеки, бүгін сәті түсіп, бұл мекеменің, мәдени мерекенің 20 жылдығына орай еңбегімді бағалап отырған комитет басшыларына бүгін министрдің қолынан алғаны мен үшін үлкен мерей. Әрине, әрбір еңбек жолы оңай емес, білім жолы болсын, ғылым жолы болсын, мәдени құндылықтар болсын, ол мәңгі адамзаттың негізгі құндылығы болып сақталады.
Іс-шара аясында «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ұлттық архивтің алғашқы директоры, қоғам қайраткері Рысты Халесқызына арналған арнайы естелік бұрышы ашылды. Бүгінде еліміз бойынша осы салада 3 жарым мыңнан аса маман қызмет етеді. Айта кету керек, қазіргі таңда деректерді цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Бүгінде құнды құжаттардың 26 пайызы электронды нұсқаға көшірілген.
ЫБЫРАЙ БАБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІНІҢ АРХИВ ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Кез келген елдің өзінің мемлекеттік архиві болады. Біздегі осы Ұлттық архивіміз жетекші архивтердің бірі. Соңғы заманауи технологиямен жабдықталған. Президентіміз айтқандай, «Ұлттық цифрлық мұра» деген құрыңдар деді. Қазіргі таңда Ұлттық архивте цифрлық мұраны құру жағынан өз үлесін қосып келеді.