Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 28 қаралым

Ел қоржынына тарихи қола медаль

Біздің студенттер жарап тұр! Жастар шахматтан біріншілікте ел қоржынына тарихи қола медаль салды! Университеттер арасындағы ақыл сайысында қазақстандықтар үшінші орын алған. Ел намысын Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы қорғады. Алғаш рет ұйымдастырылған додаға әлемнің ең үздік әрі әйгілі жоғары оқу орындары бәсекелесті. Олардың арасында аты жаһанға мәшһүр Оксфорд, Кембридж, Гарвард шахматшылары да бар.

Қола жүлде үшін қазақстандықтар АҚШ командасымен кездесті. Алғашқы матчта америкалықтар 2,5:1,5 есебімен басым түсті. Алайда екінші кездесуде Қазақ ұлттық спорт университеті жеңіп, жалпы жағдайды теңестірді. Жүлденің тағдыры тай-брейкте шешілді. Құрамаға жеңіс сыйлау үшін соңғы партияда Қазыбек Нөгербекке салмақ түсіп, гроссмейстер бар күшін салғанын айтады.

ҚАЗЫБЕК НӨГЕРБЕК, ГРОССМЕЙСТЕР:

Мен тек өз командам мен университетім үшін ғана емес, бүкіл еліміздің атынан ойнап жатқанымды түсіндім. Сондықтан қатты қобалжыдым. Мұнда ең мықты шахматшылар жиналды. Ойнау оңайырақ көрінгенімен, бір сәтке де босаңсуға болмайды. Кез келген қарсылас тосынсый жасауға дайын тұрды. Сондықтан әр партияда бар күшімізді салуға тырыстық. Шешуші партияда маған тәжірибем көмектесті. Өмірімде армагеддон мен блицті көп ойнадым, сондықтан қатты қобалжымауға тырыстым.

Шешуші ойында Қазақстанның бірінші тақтадағы ойыншысы Қазыбек Нөгербек АҚШ командасының капитаны Адитья Самантпен кездесті. Қос шахматшы арасындағы партия өте тартысты әрі эмоционалды өтті. Ақыр аяғы Қазыбек жеңіп шықты. Әлемдік додада қола жүлдегері атану үшін құраманың барлық мүшесі өз үлесін қосты. Мысалы, Арыстан Исанжулов пен Меруерт Қамалиденова шешуші матчтарда қоржынға ұпай салғанын айта кету керек.

ДӘРМЕН СӘДУАҚАСОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Дәл қазір маған әлем чемпионатында Қазақстанның қола жүлде алғанын айту өте қуанышты. Бұл нәтиже соңғы минуттарда ғана белгілі болды. Қатты уайымдадық. Бірақ шахматшыларымыз ақтап шықты деп ойлаймын. Жалпы турнир жоғары деңгейде өтті. Алты құрлықтан келген студенттерге қаламызды көрсетіп, экскурсия ұйымдастырдық. Олар тауға серуендеп, мұражайларымызды тамашалады.

Осылайша, алғаш рет өткен байрақты бәсекеде Урал құрамасы чемпион атанып, АҚШ екінші, Қазақстан үшінші орынға жайғасты. Бұл еліміз үшін тарихи сәт. Әлемнің мықты университеттері арасында бақ сынаған отандық студенттерге 10 мың еуро көлемінде ақшалай сыйлық берілді.

← Барлық жаңалықтар