Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 23 қаралым

Жасанды интеллект Абайды дұрыс сөйлетті ме?

Жасанды интеллект ұлы Абайға да тіл бітірді. Қазір ғұламаның еңбектері заманауи талапқа сай әлеуметтік желі үшін ықшамдалып, оқырманға ұсынылып жатыр. Бұл жайында Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте абайтанушылар мәлімдеді. Ақын мұрасын халыққа кеңінен насихаттауда заманауи технологияларды пайдалану екі бағытта дамып жатыр екен. Соның бірі — Абай академиясы. Қазір интерактив форматта әлеуметтік желі қолданушыларына ыңғайланған 50 түрлі контент жасапты. Оның сапасында мін жоқ, деді мамандар. Алайда қазір екінің бірі жасанды интеллект көмегімен ақынды сөйлетіп, желіге жүктейді екен. Бірақ олардың жасаған дүниесінің дені сапасыз, қате көп кездеседі деп шүйлікті абайтанушылар. Бұл ғұламаның мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттауда үлкен бұрмалаушылыққа әкеп соғуы мүмкін екен.

АЙМАН АҚТАНОВА, ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ «АБАЙ АКАДЕМИЯСЫ» ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ХАТШЫСЫ:

Абайдың түріне ұқсамайды, портретті алады да сөйлеткізеді, ол ұқсамай шығады. Айтқан кезде сөзді қате айтады. Жазғанда қате болады. Осыған біз сақ болуымыз керек. Біздің елімізге соны бақылап отыратын, қарап отыратын, шығаруға рұқсат етіп отыратын мекеме керек сияқты.

Қазір бұл ретте ғылыми-зерттеу институттары да қол қусырып отырған жоқпыз, дейді. Сондай-ақ жасанды интеллектің көмегімен шыққан сапалы дүниелер алдағы уақытта Ұлттық кітапхананың сөрелерінен де орын алуы мүмкін.

АЛМАЗ МЫРЗАХМЕТ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІ КІТАП ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Тіпті өз тарапымыздан егер ғалымдар белгілі бір деңгейде бағыт-бағдарын ұсынып, нақты материалдар беретін болса, ұлттық электрондық кітапхана жанындағы аудио жазатын бөлімге, кітапханаларға тапсырма беріп, сол форматтарды ұсынатын боламыз.

← Барлық жаңалықтар