Табиғи апат Латын Америкасын аяйтын емес. Венесуэланың ізін ала оған көршілес Колумбияда жер сілкінді. Магнитудасы 7,4-ке тең зілзаладан 111 адам опат болып, 87 тұрғын зардап шекті. Жергілікті басылымдардың дерегінше, төтенше оқиға бүгін таңғы сағат 7 жарымда тіркелген. Тербеліс ошағы Сан-Хосе-дель-Пальмар аумағында жатыр. Ал апатты елдің орталығы Богота мен ірі қалалардың бірі Медельин халқы да сезінген. Колумбия билігінің мәліметінше, бұл аймақтағы соңғы он жылда болған ең ірі оқиғалардың бірі. Табиғаттың тосын мінезінен 1600-ге жуық тұрғын үй бүлініпті. Ал 37 әкімшілік ғимарат жермен жексен болған. Сондай-ақ мемлекетте науқастарды жеткізетін ауруханалар жетіспей жатыр. Себебі 18 медициналық ұйымға зақым келген. Жауаптылар елде ауқымды төтенше жағдай жариялады. Құтқару жұмыстарына билік қарулы күштердің сарбаздарын да көмекке шақыруға мәжбүр болды.