Енді баспана алу тіптен жеңілдейді. Бұрын банкте сағаттап күткен қызметтерді бұдан былай санаулы сәтте ала аласыз. Екі аптада берілетін ипотекалық несиелер екі күнге дейін қысқарған. Ал «Отбасы банк» тұрғын үйді бөлу қарқынын үш есеге арттырыпты. Жасанды интеллект тағы қай саланың тасын өрге домалатып жатыр? Үкімет отырысына келгендерге Олжас Бектенов қандай сын айтты?
Ипотека беруде жасанды интеллектке иек артқан «Отбасы банк» елдің уақытын үнемдеуге көшпек енді. Азаматтардың мұқтаждығын автоматты түрде анықтайды. Тіпті тұрғын үй кезегін көру үшін де салымшыларға қаржы ұйымдарына сабылудың қажеті шамалы. Өйткені телефон арқылы кезегін көреді, келісімін береді, барлығы. Осылайша жасанды интеллект барлық процесті жеделдеткен. Мәселен, дипломмен ауылға барғандарға ипотека алуды екі аптадан екі күнге дейін қысқартыпты.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Мысалы, төлем қабілетін тексеру 10-15 минуттан 2 минутқа дейін, Дипломмен ауылға өтінімі 30 минуттан 5 минутқа дейін, кепілді тексеру 40 минуттан 5 минутқа дейін, депозитті туысқа беру 2 сағаттан 7 минутқа, несиені қайта қарау үш күннен 5 минутқа дейін қысқарды.
Сондай-ақ клиенттер меншік құқығын тіркеу, жалдау, кепілді алып тастау сияқты қызметтерді де онлайн алып жатыр екен. Тағы бір қуантарлығы, баспаналы болатындар саны 3 есеге артпақ. Жыл соңына дейін 130 миллиард теңге бөлініп, тоғыз мыңға жуық тұрғын пәтерлі болар күн жақын.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Цифрландыру нәтижесінде тұрғын үйді бөлу қарқынын үш есеге артты. Бұрын әкімдіктер жылына 7 мыңға жуық пәтер бөлетін, ал бұл жұмыспен жалпы саны 700 қызметкер айналысатын еді. Отбасы банкінде мұны тек 20 маман ғана шешеді.
Ал жасанды интеллектке басымен жауапты Жаслан Мәдиев барлық мемлекеттік органды бір платформаға біріктіреміз деп салды. QazTech цифрлық жүйесі келгелі базаның қатуы, қарашаның уайымға батуы азайған. Мәселен, 4 жыл бойы ата-аналарды қыркүйекте қан қақсатқан балаларды бірінші сыныпқа қабылдайтын қызмет түрі дәл осы платформаға ауысқан.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Бұл ретте жүйелердің қайталануы жойылады, ескірген жүйелерді пайдалану тоқтатылады. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспардан тыс тағы 25 жүйе бойынша көшіру және әзірлену жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 10 ақпараттық жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр.
Алайда жасанды интеллектіні игілікке бастар жолда қиғылыққа салатындардан қорғау аса маңызды. Олжас Бектенов онлайн платформалардағы деректер алаяқтардың қаруына айналмас үшін салада темірдей тәртіп орнатуды тапсырды.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Egov-та әр азамат оның деректеріне кім және не үшін жүгінгенін көріп, келісім беріп немесе бас тарта алады. Биометриялық сәйкестендіру кезінде жүйе адамның тірілік белгілерін тексереді. Сондықтан фото және дипфейк арқылы өту мүмкін емес болады.
Үкімет басшысы деректер базасы әлі де жеткілікті деңгейде интеграцияланбағанын қадап айтты. Сондай-ақ жобаларды жүзеге асыруда құлықсыздық танытпауға шақырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Биыл наурыз айында азаматтардың коммуналдық қызметтермен шарттарды проактивті түрде бекітуі бойынша пилоттық жоба аяқталды. Бұл іс жүзінде өте ыңғайлы сервис болды, шарттар автоматты түрде жасалды. Алайда тәжірибе жалғасын таппай, тоқтап қалды. Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, аталған қызметті барлық өңірде толыққанды енгізсін.
Тағы бір айта кетерлігі, технологиясы тау асқан елдермен тайталасқан еліміз электрондық үкімет индексін дамытуда әлем бойынша 24-орында тұрақтапты.