Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 3 қаралым

Құрылтай сайлауына дайындық қызу

Сайлауға түсіп жатқан партия өкілдерінің сапары жалғасуда. Бұл жолы кандидаттардың бір бөлігі зейнеткерлермен кездессе, ал енді бірі ақсақалдармен амандасып, сенбілікке қатысып үлгерді. Ауылдағы ағайынды да ұмыт қалдырмаған үміткерлер қарашаның аманатын мінберлерден көтеруге уәде етті. Уақыттың тығыздығын ескерген олар бір күнде бірнеше кездесу өткізіп, өздерінің тұғырнамаларын жан-жақты таныстырып жүр.

Саяси дода жақындаған сайын партиялар арасындағы бәсекелестік те қыза түскендей. Өңір-өңірді аралаған кандидаттар халықпен жүздесіп, өздерінің ұстанған бағыттарын таныстырып жүр. Мәселен, «Әділеттіктер» Семей жұртшылығымен жолықты. Басқосуда тұрғындар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына алаңдайтындарын жеткізді. Сонымен қатар, жылу және су құбырларының тозуы, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері көтерілді. Бұдан өзге ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау, отандық ғылымды дамыту, бағаның өсуін тежеу және туризмді өркендету жайы да сөз болды. Тараптар көтерілген мәселелерді шешу жолдарын саралап, оларды шешуге бағытталған ұсыныстарын да айтты.

БЕКЖАН ӘЛІМҚҰЛОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Біз экономиканың түрлі саласы өкілдерімен кездесіп жатырмыз. Қарапайым жұмысшылардан бастап, кәсіпкерлер мен мұғалімдер қамтылды. Кездесу барысында түрлі өзекті мәселелер айтылады. Олар – әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер. Ауыл шаруашылығы мамандары, зейнеткерлер де жақсы мәселелерді көтеріп жатыр.

Қазыналы қарттарымызды қадірлеп, ардақтау – ұрпақ парызы. Осындай ұстанымды ұстанған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды штабы Алматы облысында жүр. Мұнда болашақ Құрылтай депутаттары ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталарымызбен кездесті. Жиналған көпшілік кандидаттарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, бірнеше ұсыныстарын да айтты. Зейнетақы мәселесі мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған пікірлер де сөз болды. Саяси ұйымның өкілдері партияның негізгі тұғырнамасын таныстырып, өңірдегі түйткілді проблемаларды өздеріне түртіп алды.

НҰРЫМ НҰРЛЫБЕКОВ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кездесудің басты мақсаты — біздің сайлауалды бағдарламамызды, біздің ЖСДП сайлауалды бағдарламасының мәні мен мақсатын жеткізу және де осы үлкен кісілердің қандай ұсыныстары бар екенін есту мақсатымен бүгін біз осындай кездесу өткіздік. Қандай да бір мәселе болса, қандай да бір шешілмей жүрген түйткілдер болса, біздің филиалдың есігі ашық. Біздің филиалға келіп, өзінің шағымын айтуға және де сол шағымды естуге біз дайынбыз.

Табиғатқа жанашырлық – нақты істен басталады. Сол себептен де, сөзден әрекетке көшу керек. Бас қаланың тазалығына алаңдаған «Байтақтықтар» сенбілік өткізді. Акцияға қатысушылар көшелерді қоқыстан тазартып, жан-жақты ретке келтірді. Игі іске қоршаған ортаны қорғау полициясы мен әкімдік өкілдері де атсалысты. Партия өкілдерінің айтуынша, экологиялық мәселе тек заңдар мен саяси бастамалардан тұрмайды. Қоршаған ортаның шын мәнінде таза болуы нақты қадамдардан бастау алады. Бұл тек мемлекеттік органдардың жұмысымен шектелмейді. Мұнда әр азаматтың жауапкершілігі маңызды. Яғни, табиғатқа деген құрмет – бірінші кезекте адамның өзінен басталады.

АЛМАТ ТҰРТАЕВ, «БАЙТАҚ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Біртіндеп ел азаматтары экологиялық бастамаларға, бала күннен бойымызға сіңірілетін мәдениетке үйренеді деп ойлаймын. Бүгінгі іс-шара – қатардағы қарапайым акция. Бірақ осындай жиындардың өзі қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Осы аптада «Ақжолдықтардың» да жұмысы үдейе түскендей. Партия жетекшісі бастаған топ Ертіс өңірінде жүр. Болашақ депутаттар Екібастұздағы қалалық су арнасы және электр желілері кәсіпорнында болды. Кездесуде сайлау жүйесін реформалау, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жылу желілері мен инфрақұрылымды жақсарту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, жеңілдікпен баспана алу жайттары да қозғалды. 1300 адам жұмыс істейтін мекеме қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген сауалдарын да қойды.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл қала шағын болғанымен, әлеуеті өте жоғары. Тіпті алдағы уақытта мұнда дата-орталықтар да ашылады. Біз бүгін екі ұжыммен кездестік. Бұл қаланың ең көне кәсіпорындары күні-түні қаланы жарықпен, сумен және жылумен қамтамасыз етіп отыр. Компанияның қалай жұмыс істейтіні тұрғындар үшін маңызды болса, еңбек адамдарының жағдайы мен кәсіпорынның мәселелерін де шешу маңызды.

← Барлық жаңалықтар