Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Әлемдегі елеулі оқиғаларға шолу

Сирия соты елдің бұрынғы президенті Башар Асадты сырттай өлім жазасына кесті.

Енді әлемдегі елеулі оқиғаларға шолу жасасақ. Сирия соты елдің бұрынғы президенті Башар Асадты сырттай өлім жазасына кесті. Ал Ауғанстанда миллиондаған қыз бала білім алу құқығынан айырылып, халықаралық қауымдастық дабыл қағуда. Бұл тұста Сомалидегі жаппай аштық пен Колумбиядағы жойқын зілзала жүздеген адамның өмірін жалмап, халықты әлекке салды.

АСАД ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ

Сирия соты елдің бұрынғы басшысы Башар Асадқа сырттай өлім жазасын тағайындады. «Рейтер» агенттігінің мәліметіне сүйенсек, экс-президент 2011 жылғы халық наразылығын аяусыз басып-жаншығаны, адамдарды заңсыз қамап, азаптағаны және қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылған. Сонымен қатар бұл іс аясында Асадтың інісі Махер Асад пен немере ағасы Атеф Нәжибке де дәл осындай қатаң үкім шықты. Еске салсақ, 2024 жылдың желтоқсан айында режимі құлағаннан кейін, бұрынғы президенттің Сириядан Ресейге бой тасалағаны туралы ақпарат тараған болатын.

ҚЫЗДАР ОҚУДАН ШЕТТЕТІЛДІ

Тәліптер билікке келген бес жыл ішінде Ауғанстанда 2 миллионнан астам қыз бала орта және жоғары білім алу құқығынан айырылды. Бұл туралы ЮНЕСКО ұйымы мәлімдеді. Қазір елде қыздарға тек 12 жасқа дейін, яғни бастауыш мектепте ғана оқуға рұқсат етілген. Ұйым сарапшылары бұл шектеулер болашақта мұғалімдер мен кәсіби мамандар тапшылығын тудырып, елдің білім жүйесін тығырыққа тірейтінін ескертеді. Егер жағдай өзгермесе, 2030 жылға қарай оқудан қағылған қыздар саны 4 миллионға жетуі мүмкін. Халықаралық қауымдастық бұл саясатты қатаң сынға алып, әйелдер құқығы толық қалпына келтірілмейінше, Талибан үкіметін ресми түрде мойындамайтынын мәлімдеді.

АШТЫҚ ЖАЙЛАҒАН ӨЛКЕ

«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының мәліметінше, Сомалидің оңтүстік-батысындағы босқындар лагерінде әрбір екінші бала тойып тамақ ішпей, аштықтан зардап шегуде. Олардың төрттен бірінің жағдайы өте ауыр. Аймақтағы ауруханаларда орын тапшы, науқастар саны күрт артқан. Жыл басынан бері 3 мыңға жуық бала ем қабылдады. Дағдарысқа елдегі ұзаққа созылған қуаңшылық, таза ауыз су мен азық-түлік тапшылығы себеп болып отыр. Бұған қоса, биыл халықаралық ұйымдардан бөлінетін қаржы көлемі бірнеше есеге қысқарған. Мамандар егер гуманитарлық көмек артпаса, Сомалиде 2022 жылғыдай жаппай ашаршылық қайталануы мүмкін деп дабыл қағуда.

ЗІЛЗАЛАНЫҢ САЛДАРЫ

Колумбияда болған 7,4 балдық жойқын жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 250-ден асып кетті. Апаттан әсіресе Перейра мен Кали қалаларының тұрғындары көп зардап шекті. Құтқару жұмыстары осымен екінші күн қатарынан жалғасуда. Мамандар үйінді астынан адамдарды іздестіруде, алайда жүзден аса қайталанған жерасты дүмпуі құтқару операциясына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Жер сілкінісінің ошағына жақын орналасқан Чоко департаментіндегі бірқатар ауыл-аймақ жарықтан, ауыз судан және байланыс желісінен үзілген. Сонымен қатар кейбір тасжолдар жабылып қалды. Ал баспанасынан айырылған мыңдаған адам қазір қауіпсіз жер іздеп сабылуда.

← Барлық жаңалықтар