Құрылтай сайлауына бір жарым аптадай уақыт қалды. Саяси партия өкілдері еліміздің әр аймағында өздерінің сайлауалды тұғырнамасын халыққа таныстыруды жалғастырып жатыр. Ақтөбеде зауыт жұмысын, Шымкентте ауыл халқының ахуалын білуге асыққан саяси ұйымдағылар өзге өңірлерді де ұмытқан жоқ.
Білікті мамандардың жетіспеушілігі әсіресе медицина саласында байқалып отыр. Осы ретте болашақ дәрігерлердің білім алуына барынша жағдай жасалу керек. Шымкентте жүрген Қазақстан халық партиясы ақ халатты абзал жандармен кездесуінде осылай деді. Мұнда кандидаттар сала қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен танысып, өзекті мәселелерді өздеріне түртіп алды. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмады. Мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, жұмыс жүктемесін оңтайландыру жайы да сөз болды. Сонымен қатар дәрігерлердің мәртебесін көтеруге де айрықша мән берілді. Басқосуда ұсыныстармен қатар, проблемаларды шешу жолдары айтылды. Білікті кадрларды сақтап қалу, жас мамандарға жол ашу — осы саладағы негізгі бағыттардың бірі дейді партиялықтар.
ЛЯЗАТ АҚТАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
МӘМС, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығындарын толық, ашық, цифрлық түрде көрсету керек. Тұрғындарға көрсету керек, дәрігерлерге көрсету керек. Сол кезде ашық жүйе болады. Балаларға, жүкті әйелдерге, қарт адамдарға тегін профилактикалық тексерулердің тізімін кеңейту керек.
Табиғатты аялау — туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Ал тазалықты ту еткен жастардың әрбір игі ісі — ел ертеңіне жасалған жарқын қадам. Бұл — «Ауылдықтардың» ұстанымы. Бүгін саяси ұйымның өкілдері шырайлы Шымқалада «Таза ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған шараға 150-ге жуық студент пен партия белсенділері қатысты. Жастар қала іргесіндегі Бөржар бұлағының көзін ашып, айналасын күл-қоқыстан тазартты. Тұрғындар игі бастама қоршаған ортаны қорғаумен қатар, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық іс екенін атап өтті.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Үлкен іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Қазір 150 студент бар, жастар бар. Бұлақтың көзін ашып, тап-таза қылып жатырмыз. Біз жаңа бағдарлама бастадық, «Таза ауыл» деген. Біз қалада да жұмыс істейміз, негізі біз Ауыл партиясы болған соң ауылдамыз. Ауылды тазалап, «Таза ауыл» деген бағдарлама құрдық.
Ел экономикасын дамыту, өндіріс орындарының әлеуетін арттыру және отандық кәсіпкерлікті қолдау. Бұл — ақтөбеліктердің талап-тілегі. Республикалықтармен кездесуге жиналған жұрт өндіріс саласындағы біраз мәселені көтерді. Мәселен, еңбек адамының әл-ауқаты, жалақы мен зейнетақы мөлшері, медициналық сақтандыру жүйесі, салық саясаты сынды тақырыптарға басымдық берілді. Сонымен қатар экспортпен айналысатын компанияларға қолайлы жағдай жасау, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік беретін тетіктерді жетілдіру жөнінде пікірлер айтылды. Партия өкілдері көтерілген әр мәселенің маңызын атап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Өйткені өндірістің өркендеуі — экономиканың күретамыры болса, оның негізгі қозғаушы күші — маңдай терімен еңбек етіп жүрген жұмысшы қауым.
ДАНА БЕКБАУОВА, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Өңдеу саласындағы кәсіпорындарды араладық. Мұндағы мәселелер негізінен экспортқа қатысты. Шетелде сұранысқа ие өнім шығаратын компания өкілдері тауар жеткізуге қатысты мәселелер көтерді. Жүк тасымалы кезінде бірқатар қиындыққа кезігіп жатады. Экономикамызды әрі қарай дамытып, өндіріс орындарын өркендету үшін кедергілерді жою қажет.