Ақорда төрінде бір топ қоғам қайраткері құрметке бөленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет қылып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген жандарға мемлекеттік награда табыстады. Бұл тізімде белгілі әдебиеттанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай да бар. Көрнекті қоғам қайраткері І дәрежелі «Барыс» орденін кеудеге тақты. Тұрсын Жұртбай ұлттық мұраны ұлықтап, руханиятты дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы ғалымның төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін серпілтудегі сүбелі еңбегін ерекше атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай — ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану — қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз.
ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, ЖАЗУШЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Әр адамның ғұмыр бойғы жанкешті еңбегінің еленгенінің өзі кәрі жүрекке күш-қуат береді. Тегін өмір сүрмеппін-ау деген жұбаныш әкеледі. Сол жұбаныштың жылығы жүрегімді жылытып тұр.
Сондай-ақ белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбай «Қазақстанның халық әртісі» атағына лайық деп танылды. Одан бөлек, бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова «Отан» орденімен және мемлекет қайраткері Александр Судьин II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталса, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Салтанатты жиын соңында мемлекет басшысы дәл қазір Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолына түсіп, маңызды саяси кезеңге аяқ басқанын атап өтті. Ортақ табысқа жетудің кепілі — әрбір азаматтың ауызбіршілігі мен кәсібилігі екенін еске салды.