Былтыр күшіне енген «Спорт туралы» жаңа заң бір жылға жетер-жетпес уақытта бюджеттің 8 миллиард теңгесін үнемдеген. Легионерлерді қазына есебінен қаржыландыруды доғарудан түскен пайда толығымен балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсалыпты. Бұл ақпарат Спорт күніне арналған «Қазақстан спорты – реформадан нәтижеге» атты конференцияда мәлім болды. Жаңа құжат күшіне енгелі елімізде спорт саласының инфрақұрылымы едәуір жақсарып жатыр екен. Барлық өңірлерде УЕФА талаптарына сай келетін стадиондар мен спорт кешендері бой көтеруде. Бұл жер-жерде бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға мүмкіндік бермек. Заңдағы өзгерістерге сай бұрын жылдар бойы нәтиже көрсетпей отыратын спорт мектептерінің директорларына да тықыр таянды.
АЗАМАТ ИМАШЕВ, ҚР «СПОРТШЫЛАР КЕҢЕСІ» ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ұйым басшылары 4 жылға сайланады. 4 жылда спорттық индикатор бойынша нәтиже көрсетпесе, қайта комиссияда қаралады. Егер үлкен нәтиже болса, онда мансабы өседі. Ондай болмаса, комиссия шешім қабылдайды.
Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет спорт саласындағы ардагерлер кеңесі құрылды. Бұл ұйым кезінде талай белесті бағындырып, егде тартқан шағында елеусіз қалған спортшыларды біріктірмекші.
ЕРМАХАН ИБРАИМОВ, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:
Ардагерлер кеңесі қазір өте өзекті. Өйткені олар жас спортшыларға жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, Олимпиадада медаль алуға өз кеңестерін береді. Бұрын ондай болмаған.
Сәулебекова Гүлмира