Отырарда туып, әнімен кең даланы тербеткен қайталанбас дарын иесінің туғанына биыл 96 жыл толып отыр. Шәмші Қалдаяқовтың әуені бүгінде азат елдің Әнұранына айналды. 15 тамызда қазақ вальсінің королін еске алған елордалықтар оның туған күнін әнмен атап өтті. Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері композитордың көпшілікке қымбат туындыларын орындады.
АСХАТ МАЕМИРОВ, МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕН ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Жеті жыл бойы біздің театрда «Шәмші» мюзиклі ерекше ықыласқа ие. Жасыратыны жоқ, көрермен бірге қосыла шырқайды. Бүгін — қазақ вальсінің королінің туған күні. Осындай мерекеде көшеге шығып, халықпен бірге ән шырқағымыз келіп, ерекше перформанс ұсындық. Шәмшінің әндерін бәрі жатқа біледі, қағазға қарамайды. Астана тұрғындары мен қонақтарына көңіл күй сыйлағанымызға қуаныштымыз!
Бұл күні Шәмші әндері қала көшелері мен қоғамдық көліктерде де қалықтады. Жастар автобустарда ән шырқаса, тұрғындар блиц-сауалнамада жүрегіне жақын шығармаларын атады. Ал әлеуметтік желіде басталған музыкалық эстафетаға түрлі жас та, жасамыс та қатысты.
НУРАДИЛ ДОСЫМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Шәмшінің әндері менің жүрегіме өте жақын. Балалық шағым, жастық шағым Шәмшінің әндерінде бүгінгідей естіліп тұр. Мереке барлығымызға құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әнмен өрілген мерекенің жалғасы сүйінші жаңалыққа ұласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәмші Қалдаяқов» медалін тағайындау жөнінде шешім қабылдады. Сонымен бірге мемлекеттік наградалар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізілмек. Жаңа марапаттар музыка мен бейнелеу өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға табысталады.