Еліміздің былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлының көптен күткен жекпе-жегінің ауылы алыс емес. Ол анау-мынау емес, әлем чемпионы Хамза Ширазбен рингке шығуы мүмкін. Жәнібек айқастың Нью-Йоркте өтуін қалайтынын айтып, бұл қалада қазақ көп екенін жеткізді. Спортшы өзінің Instagram парақшасында «Арена менің жанкүйерлеріме лық толады» деген сенімін білдірді. Ендігі басты мәселе қос тараптың келіссөзінде. Оларға жекпе-жектің шарттарын пысықтап, мәмілеге келу үшін 20 күн уақыт берілді. Егер осы мерзім ішінде ортақ келісімге келе алмаса, кездесуді өткізу құқығы үшін промоутерлер арасында сауда ұйымдастырылады.