Астанада өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатына қанша мемлекет қатысатыны белгілі болды. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, дүбірлі додаға 100-ден астам елден 1000-ға жуық балуан келеді деп күтілуде. Ауқымды жарыс 24 қазан мен 1 қараша аралығында Барыс Арена кешенінде өтеді. Спортшылар грек-рим, әйелдер және еркін күрес бойынша 10 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Бұл беделді турнирді өткізу құқығы мамыр айында бекітіліп, қазір ұйымдастыру комитеті қызу дайындыққа кірісті. Айта кетейік, елорда бұл мәртебелі чемпионатты араға 7 жыл салып қайта қабылдағалы отыр.
СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Дайындықтың негізгі бағыттары бойынша нақты міндеттер айқындалып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда. Еліміз әлемнің үздік балуандарын Астанада қарсы алуға дайын. Чемпионатты жоғары деңгейде өткізіп, еліміздің спорт беделін одан сайын арттыруға бар күшімізді саламыз.