Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Роботтар шығаратын зауыт салынады

Елімізде роботтар шығаратын зауыт салынбақ. Бұл туралы халықаралық жасанды интеллект орталығында өткен форумда мәлім болды. Қазір жаңа инновациялық жобаның қазығы қағылып, бір жылдан кейін Астананың маңынан бой көтермек. Мамандандырылған механизмдерді шығару өнеркәсіптің өрісін кеңейтеді дейді мамандар. Әсіресе тау-кен өндірісі, агроөнеркәсіп салаларында адамдардың орнын алмастырмақ. Осылайша жұмыс күші тапшы зауыттардың тасы өрге домалайды. Қуантарлығы сол, роботтардың бөлшегі шетелден келгенімен, темірге жан бітірген өзіміздің қыз-жігіттер екен.

АЗАМАТ ЕШМҰХАМЕТОВ, «QAZBOT TECHNOLOGIES» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты ол бізде физикалық AI. Физикалық AI деген не? Оның алдында жасанды интеллект тек қана программа жүзінде ғана болған. Енді қазір бүгіннен бастап QAZBOT компаниясы сол жасанды интеллектіні сыртқа программа жүзінде емес, сыртқа робот ретінде келді. Біздің қолданатын затымыз жасанды интеллект енді қатты бөлшектерде, роботта жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін болады.

Мамандардың айтуынша, әлемде санаулы елдер мұндай жетістікке жеткен. Қазақстан Қытай, АҚШ, Корея сияқты технологиясы тау асқан елдердің ізін басып келеді. Сондықтан робототехника мен жасанды интеллект саласының тілін тапқан мамандар дайындау жолға қойылған. 30 жоғары оқу орнында 60-қа жуық жаңа пәндер енгізіліпті.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Былтырдан бастап бүкіл жоғары оқу орындарында студенттер енді міндетті түрде «Жасанды интеллект» курстарынан өтуде. Осы бір жылдың ішінде 700 мыңға жуық студенттеріміз оқытудан өтті. Екінші этапты бастап жатырмыз. 100 мың студентті арнайы реттеп, соларды тереңдетіп оқытып жатырмыз.

← Барлық жаңалықтар