6 миллиард халықты қамтитын, 79 түрлі валютасы бар Азия мен Еуропаның ең күшті ақшасы — Қазақстанның теңгесі десе сенесіз бе? Осылайша 2026 жыл Қазақстанның ұлттық валютасы үшін күтпеген сенсациялық жаңалықпен басталды. Теңге қос құрлықтағы ең беделді әрі тұрақты валюта болып танылды. Бұлай деп шешкен — әлемдегі ең беделді қаржылық басылымдардың бірі Financial Times. Бірақ ол елдің алтын-мұнайында, өзге де жерасты байлығында болмай шықты. «Шетелдіктер мемлекеттік қарызға инвестиция құйған сайын қазақстандық теңге нығайып келеді» деп анализ жасапты олар. 2026 жылдың басынан бері теңге долларға шаққанда 9,7%-ға нығайып, Еуропа мен Азия құрлығындағы ең қарқынды өскен валютаға айналды. Жалпы сарапшылардың пікірінше, Қазақстан халықаралық капитал үшін тиімді әрі ашық нарық ұсынып отыр. Ендігі басты міндет — бұл серіктестікті тұрақты әрі ұзақмерзімді ету. Сонда ел экономикасы дамып, валютамыз да нығая түспек.