Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Жылқы бағып, миллионер атануға бола ма?

Миллионер болғың келе ме? Ол үшін әлеуметтік желіде мыңдаған лүпілі бар парақшаң болуы не ұтыс ойнатып, жеңіл ақшаға жүгірудің қажеті жоқ. Ең пайдалы кәсіп — мал өсіру. Қазақ жылқысының тұқымын сақтап, көбейтуге үлес қосасың әрі пайдаға кенелесің. Мәселен, қуаңшылықтан қайтпайтын, ыстық пен суық батпайтын Мұғалжар жылқысының тай кезіндегі нарықтағы құны миллион теңге екен.

Қарагер, торы, күрең, боз жылқылар ерекше жаратылысымен анадайдан бірден көзге түседі. Бұл — Мұғалжар жылқылары. Жануардың тұқымын алғаш рет 1998 жылы ресми мойындап, патент берген. Асыл тұқымның ембі, құланды, қожамберді деп аталатын түрлері бар. Бақытбек Манат — Ақтөбенің Алға ауданында сол Мұғалжар жылқысын көбейтіп отырған шаруалардың бірі.

БАҚЫТБЕК МАНАТ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Мұғалжар жылқысы өзінің ет, сүт бағытындағы жылқы ғой. Жылқыларымыз жыл он екі ай далада жайылады, жайылымда. Қыстың қақаған аязында да, жаздың ыстығында да ешқандай ауа райын талғамайды. Өзі тебіндеп жейді. Өте төзімді. Құнандардың нарықтағы бағасы, яғни 2023 жылғы айғырлар 5 млн тұрады.

Жылқының бұл түрі міністен гөрі еті мен сүті, өнімділігімен танымал тұқым. Мысалы, айғырлары 600, ал аналық биелердің салмағы 490-560 келіге дейін тартады.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбенің бренді саналатын Мұғалжар жылқысы қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие. Мысалы, біз тұрған шаруа қожалығынан өзге қожалықтар жыл сайын 300-400 бас тай сатып алады екен. Оның нарықтағы құны — 1 млн теңге. Ал қызығушылық танытқан аймақтардың арасында еліміздің барлық өңірі бар.

Ақтөбе облысында 400 мыңнан астам бас жылқы болса, оның ішінде Мұғалжар жылқысы 12 мыңды құрап отыр. 20-дан аса қожалық асылтұқымды жануарды көбейтумен айналысады.

МӘУЛЕН ІДІРІС, АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мұғалжар жылқыларымен айналысатындар өздері, «Жансая» шаруашылығы бар, бірігіп, ғалымдармен бірлесіп, малды асылдандырумен, оның селекциясын жүргізуге атсалысып келеді. Бұл жылқы әуелден өзіміздің климаттың ерекшелігіне төзімді мал, жалпы жабы тұқымынан шыққан. Мемлекеттің бағдарламасы бар, асыл тұқымды жылқы малына 50 пайызға дейін субсидия қарастырылған. Бұл жөнінде шаруашылықтармен жақсы жұмыс жасап келеді.

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы өзіміздің жылқы түрлерін сақтау, өсімін молайту және мал басын көбейтуге бағытталған заңға қол қойған еді. Сосын Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Оның біреуі Ақтөбеде жұмысын бастады.

← Барлық жаңалықтар