Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

Бүгін үгіт-насихаттың соңғы күні

Бүгін сайлауға дайындықтың соңғы күні. Бір ай бойы байыз таппаған жеті партия тартысты аяқтап, күдік пен үміттің арасында теңселіп тұр. Саяси науқан қарсаңында бір емес, сегіз заңбұзушылық тіркеліпті. Тыйым салынған уақытта үгіт жүргізіп, қоғамдық пікірге сауал салуға ниеттенгендерді Бас прокуратура анықтаған. Ал Орталық сайлау комиссиясы еліміз үшін ең маңызды кезеңде кем-кетік болмас үшін барын салып бағып жатыр. Сонымен, дауыс берудің тәртібі қандай? Сайлауға барамын деп істі болып кетпеу үшін нені білу керек?

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Сайлау — сайлаушылардың жарғақ құлағын жастыққа тигізбейтін текетірес. Алайда тойдың болғанынан боладысы қызық демекші, науқанға дайындықтың барысы да өзінше бір қарбалас. Елімізде 12 миллион 605 мың 788 азаматтың таңдау жасауға құқығы бар. Ол үшін 10 423 сайлау учаскесі сақадай сай. Бүгін өңірлердің соңғы дайындығын пысықтаған Сайлау комиссиясының төрағасы солай деді.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, әкім аппараттарының басшылары сайлау учаскелерінің ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етілуіне байланысты қалған мәселелерді толық аяқтап, олардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге барынша күш салуды сұраймын. Құрметті аумақтық сайлау комиссияларының басшылары, дайындықтың негізгі кезеңі аяқталғанымен, қалған мәселелер мен бұрын берілген тапсырмалардың орындалуын бақылаудан шығармаңыздар.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ 61 мемлекетте өкілдіктер жанынан 79 сайлау учаскесі ашылыпты. Олардың мекенжайы Сыртқы істер министрлігінің сайтында көрсетілген. Бұл жолғы науқаннан ешкім де шет қалмақ емес. Өндірісте қызмет қылған жандар да, әскери қызметке барған да, санаторийде ем алған да өз таңдауын жасай алады. Үйден дауыс берудің де өз тәртібі бар.

АЗАМАТ АЙМАНАКУМОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тиісті учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беруге арналған үй-жайда бір мезгілде болатын азаматтардың санын реттейді, тәртіпке жауапты болады және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңының ережелерін бұзып, дауыс беруді өткізуге кедергі келтірген кез келген адамның ол жерден кетуін талап етуге хақылы. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайда дауыс беру процесіне қатысы жоқ басқа адамдардың болуына тыйым салынады.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Кембағал жандар да науқаннан кенде қалмай, таңдау жасауға тең мүмкіндік алмақ.

ЛӘЗЗАТ СҮЙІНДІК, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы бұрыштар ұйымдастырылған. Бұл бұрыштарда аудио және бейне материалдар, құлаққаптар, қосымша жарақтандыру, ұлғайтқыш әйнектер және дауыс беру бюллетеніне трафарет ұйымдастыру үшін диагоналі кемінде 54 сантиметр мониторы бар компьютер қарастырылған.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Дауыс беруде жауапкершілік жүгі де басым. Өйткені темірдей тәртіп бар. Мәселен, толтырылған бюллетеньді фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауға болмайды. Азаматтар жасырын кабинада таңдауын жасағанда қасында тірі жан болмауы тиіс. Толтырылған бюллетеньді түзетуге де жол жоқ.

ӘСЕЛ ЖАНӘБІЛОВА, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сайлау комиссиясының жұмысына, дауыс беру, дауыстарды санауға кедергі келтіру, сайлау құжаттарын қолдан жасау, дауыстарды көрнеу қате санау немесе сайлау нәтижелерін көрнеу қате айқындау, дауыс беру құпиясын бұзу, сондай-ақ азаматтың өз сайлау құқығын еркін жүзеге асыруына зорлық-зомбылық, алдау, қорқыту немесе сатып алу арқылы кедергі келтіру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Дауыс берудің арты дауға ұласпас үшін 71 270 сайлау комиссиясының мүшесі арнайы дайындықтан өткен. Тест тапсырып, тиісті сертификат алыпты.

ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Оқыту барысында дауыс беруді ұйымдастыру, өткізу тәртібі, сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығару тәртібі, сондай-ақ сайлау заңнамасының бұзылғаны үшін жауапкершілік мәселелері қамтылды.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Тыныштық күні алдындағы тербеліс әзірге осындай. Бүгін жеті партияның жұртқа бағдарламасын таныстыратын соңғы күні. Ал үміткерлер ертең елге жақ ашар болса, комиссиядағылар мәселесін майшаммен қарамақ.

← Барлық жаңалықтар