Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 18 қаралым

ТМД байқаушылары сайлауалды науқанға оң бағасын берді

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін барлық жеті партияға теңдей жағдай жасалған. Осылай деген ТМД байқаушылар миссиясы сайлауға дайындық барысына оң бағасын берді. Халықаралық қадағалаушылардың айтуынша, саяси ұйымдардың халықпен жұмыс істеуі үшін ауқымды инфрақұрылым құрылған. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар сайлауалды іс-шараларды өткізу үшін 4300-ден астам нысан бөлген. Бұдан бөлек, еліміз бойынша әр партияның бағдарламасына негізделген қағаздарды ілу үшін 8000-нан астам орын дайындалған. Бұл жұмысқа медиа саласы да белсенді атсалысқан. Атап айтқанда, 442 баспа және электронды БАҚ, 350 интернет-басылым ақпарат таратқан. Соның ішінде телевизия саласы белсенді дейді бақылаушылар. Әсіресе республикалық арналар бірнеше рет теледебат өткізіп, жоғары деңгейде жұмыс атқарды. Сонымен қатар байқаушылар Орталық сайлау комиссиясының жұмысына ерекше назар аударып отыр. Олардың айтуынша, сайлаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған.

ИГОРЬ ПЕТРИШЕНКО, ТМД БАЙҚАУШЫЛАР МИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз референдум кезінде де сайлау учаскелерінде болдық. Жастардың қаншалықты белсенді екенін көрдік. Бұл — болашақ ұрпаққа айтып, көрсетудің жақсы үлгісі. Ата-аналар балаларын ертіп, отбасымен бірге сайлау учаскесіне барғанда, балалар мұны көреді. Бұл Қазақстанның болашағының жарқын екенін көрсетеді. Бүкіл халықтың бір мақсатқа жұмылғанын аңғартады.

Айта кетейік, жалпы сайлауға 42 елден 777 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Олардың 190-ы ТМД елдерінің өкілдері. Ал 617-сі 13 халықаралық ұйымның атынан келген.

← Барлық жаңалықтар