Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына арналған жалпыұлттық онлайн-марафон қызу өтіп жатыр. Дәл қазір эфирдің жеті сағаты артта қалды. Осы уақыт аралығында көрерменге ел ішіндегі және шетелдегі дауыс беру барысы туралы жедел ақпараттар ұсынылып қана қоймай, сарапшылардың қатысуымен көптің көкейіндегі мәселелер де ортаға тасталды. Бұл ашық эфирдің тек сайлау тақырыбымен шектелмегенін көрсетеді. Дәлірек айтсақ, Конституция, азаматтардың құқықтары, заң мен тәртіп, білім беру, ғылым, инновациялар, өңірлерді дамыту және жас ұрпақтың болашағы да басты назарға алынуда. Естеріңізге салайын, таңғы сағат 09:00-де басталған тікелей көрсетілім түнгі 12 жарымға дейін жалғасады. Оны 38 YouTube платформасынан, республикалық және аймақтық телеарналардан көруге болады.