Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 7 қаралым

Кино кейіпкерлері дауыс берді

Елімізде өтіп жатқан маңызды саяси науқан тек жауапты қадам ғана емес, сонымен бірге ерекше көңіл күй мен креатив шешімдерге толы мерекеге айналды. Сайлау учаскелеріне күнделікті киіммен емес, әдеби кейіпкерлер, ертегідей образдар және ұлттық нақышта сәнденген тұрғындар көпшіліктің назарын өзіне аударды.

Сайлауға барып дауыс беріп жатқандар көп, десек те солардың арасында кино кейіпкерлері ерекше көзге түсті. Оралда «Қыз Жібек» фильмінің кейіпкерлері кейпінде киінген жұп сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Саяси науқанның шырайын келтіргендер қалалық Жастар театрының актерлері екен. Павлодар облысында, Ақсу қаласындағы сайлау учаскесінен Чарли Чаплин образындағы жігітті көргендердің реакциясы бөлек. Металлургтер қаласының тұрғыны маңызды күні жерлестерінің көңілін көтеріп, сайлауға өз үлесін осылай қосыпты.

Ал Астанадағы учаскелердің бірінен ерекше сайлаушы байқалды. Ежелгі грек патшасы Агамемнон образын киген жас жігіт дауыс берді. Әсерлі образ көпшіліктің назарын аударды. Атырауда салауатты өмір салтын дәріптеп жүрген марафоншылар тобы ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан саяси науқанда төбе көрсетіп, өз таңдауларын жасады. Семейлік сұлулар сайлау учаскесіне арнайы ретро стильде киініп келіп, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді. Тұрғындардың сөзінше, бай тарихы мен өшпес мұрасы бар шаһар үшін бұл күннің маңызы ерекше. Олар осы ерекше образ арқылы туған қаласының өткен дәуірдегі көне келбетін паш еткісі келген.

← Барлық жаңалықтар