Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 14 қаралым

Президент білім олимпиадаларының жеңімпаздарын марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқуда үздік жастар мен олардың ұстаздарын Ақордаға шақырып, мемлекеттік наградалар табыстады. Спорт саңлақтары қоржынымызды сары алтынға толтырса, астына көлік, қолына баспананың кілтін беріп жататынымыз бар. Ал білім додаларындағы жүлдегерлерге дәл осындай сый-құрмет жасала ма? Бұл сұрақтың көптің көкейінде жүретіні рас. Озат ұл-қыздарға берілетін марапат та аз емес екен. Мәселен, халықаралық олимпиададан топ жарғандарға 7 миллион теңгеге жуық сыйақы беріледі.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Биыл Қазақстанда жасанды интеллект жылы. Осы саланы дамыту үшін елімізде тұтас бір министрлік құрылғанын білесіз. Тіпті Конституциямызда да жасанды интеллект тақырыбы қамтылған. Мұның бәрі болашаққа жасалған стратегиялық қазықты қадам. Өйткені заманның келбеті цифрланып, сан түрлі салаға тереңінен бойлап барады. Технологияның, заманауи тетіктердің тілін түсініп, игілігін көру үшін жасанды интеллектіге иек артпасқа болмайды. Ал оны іске асыратын кімдер? Алгоритмін айға білейтін IT мамандар мен кез келген жаңалықты игеріп, иіріп кете алатын инженерлер. Сондай мамандардың қатарын жуық арада толықтыратын жастар бізде көп. Солардың бірқатары бүгін осы Ақордаға келді.

Бұл «талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеп» бара жатқан жастар. Президенттің өзі оларға сый-құрмет көрсетіп жатыр. Өйткені білімді буынның қолында болашақтың кілті бар. Бұл жастардың білімі облыстық, республикалық деңгейден асып, жаһандық ауқымға құлаштаған. Олар әлемнің үздік деген білімпаздарымен бәсекеге түсіп, топ жарған. Сол арқылы елдің ілімі іргелі, ілгері екенін дәлелдеп, абыройды ақыл аламанында асқақ етті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы — ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар!

«Ұстазы мықтының — ұстанымы мықты». Бұлақтың көзін ашып ғана қоймай, ағысы мен қуатын күшейте білу де — шеберлік. Халықаралық олимпиадалардың 21 лауреаты өз ұстаздарымен бірге келген. Бұл жастар жаратылыстану бағытын терең меңгеріп, алтауы — алтын, бірі — күміс, төртеуі — қола медаль алған. Әр медальдың артында ұстаз бен шәкірттің ілімнің ізін шолған еңбек жолы жатыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сағаттап оқу, айлар бойы дайындық жүргізу, жылдар бойы биік мақсатқа ұмтылу үшін, ең алдымен, қажырлы қайрат пен мықты күш-жігер керек. Ұлы Абай да «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп өсиет айтты. Сіздер әрқайсыңыз көп ұзамай білікті инженер, көрнекті ғалым, мықты маман боласыздар. Жаңа технологияларды ойлап тауып, еліміздің өркендеуіне, әлемнің дамуына ықпал ететін жаңалық ашасыздар. Мен бұған кәміл сенемін.

Иә, хәкім Абай ілім-білім жайлы көп жазған. Бір қара сөзінде «Адамның ғылымы, білімі ақиқатқа, растыққа құмарлықтан басталады» деседі. Бұл жастар да ілімнің інжуін теріп, жаһанның жаңашылдығы мен жауһарын танып жатыр. Қуантарлығы, мұндай жас бізде көп. Мысалға, биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы — алтын.

АЙЗЕРЕ ЖЕҢІСХАНОВА, ОҚУШЫ:

Жалпы былтырғы марапаттауды көргенмін. Менде арман болған, осы жерде тұрсам деген, Ақордада осылай сертификат алсам деген. Мен үшін үлкен қуаныш сыйлап тұр. Тек қана қуаныш, керемет эмоциядамын. Дайындығым да жақсы еді, осында келсем, сөз сөйлесем деген.

Президент халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өтті. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл — бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш.

БАТЫР ЖАРҚЫНҰЛЫ, ҰСТАЗ:

Бұл мен үшін тарихи сәт! Ерекше қуанышта тұрмыз. Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе. Информатика олимпиадасында 30 шақты оқушы бар. Әртүрлі республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлдегер атанып келе жатыр. 6 жыл бойы Қызылорда мектебінде оқушы тәрбиелеп келе жатырмыз.

Президент жастарға қазір еліміз тарихи өрлеу кезеңіне қадам басқанын айтты. Жаңа Конституцияның, Құрылтай сайлауының мән-маңызына тоқталды. Әлбетте, озат оқушылар бұл тарихи оқиғалардың мазмұны мен миссиясын жетік біліп те отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың талантын шыңдап, білім берген ұстаздар қауымына алғыс айтып, үздік оқушыларымен бірге марапаттады.

Ұстаздарға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Шапағат» медалі берілді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Ал үздік оқушылар мен студенттерге қаржылай сыйақысы бар сертификаттар табысталды. Онда 500, 1000 және 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бар. Теңгеге шаққанда ең көбі — алты жарым миллиондай болады. Оқушы мен студенттер үшін қомақты қаржы ғой. Бірақ олардың олимпиадалардағы олжасы әлдеқайда құнды әрі игілігі де мол.

← Барлық жаңалықтар