Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 4 қаралым

Ақшасы төленбесе, ЖИ газды өшіріп тастайды

Жасанды интеллект қарызыңыз барын білетін болады енді. Енді газдың ақшасын төлемегендерді ЖИ анықтап, көгілдір отынды сөндіріп тастайды. Ал құбырдан иіс шығып, халыққа қауіп төнсе, бұрынғыдай қызметкерлері екі өкпесін қолына алып жетпейді, дрон жібере салады. Еліміздің инфрақұрылымындағы су жаңа өзгерістер осындай екен. Ақылды технология Астанадағы GASTERM EXPO 2026 көрмесінде таныстырылды.

Мына көлік газ иісін сезгіш. Құбырда ақау болса, 50 метрден-ақ анықтайды. Осындай ақылды технологиялар қазір газ саласы мамандарының жұмысын жеңілдетіп отыр.

МИЗАМ РАХИМБЕРДИЕВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» ОПЕРАТОРЫ:

Алдарыңызда диагностика-лабораториялық жүйе — Пергам. Автокөлік құбырлардың газ шығарып жатқанын анықтай алады. Толық цифрландырылған ақылды көлік. Қазірдің өзінде Астанадағы көптеген келеңсіз газ кету оқиғаларының алдын алды деуге болады.

Ізін суытпай мұндай жүйе арнайы дронға орнатылды. Бұл ұшу аппараты әзірге елде жалғыз. Ерекшелігі — оператор 8 шақырым қашықтан отырып-ақ басқара береді.

НҰРСҰЛТАН НҰРБОЛАТ, «QAZAQGAZ AIMAQ» ЭКСПЛУАТАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Менің алдымда тұрған ұшу аппараты — дрон. DJI Matrice 50. Астында газ анализатор, метанды анықтайтын детектор бар. Максималды 7000 метр биіктікте ұша алады, сағатына 90 метрге дейін жылдамдық ала алады. Астындағы метан детекторы 100 метр қашықтықта ұшып жүріп-ақ газдың шығып жатқан жерін анықтай алады.

Қазақстандық бұл компания жасанды жүйенің элементтерін 3 жылдан бері пайдаланады. Нәтижесі де көз қуантарлық. Астананың өзін 8 мың мынандай ақылды газ есептеу құрылғыларымен қамтып отыр.

ҚУАНЫШ ЗІКІРБАЕВ, «SAIMAN» ЖШС IT ДИРЕКТОРЫ:

Мынау бұрынғы болған механикалық газ санаушы. Қазіргі заманауи талаптарға сәйкес ақылды газ санаушы. Негізгі артықшылығы — қашықтықтан мәліметтерді серверге жібереді. Бұрын контролер келіп, WhatsApp-тан алатын еді. Енді бұның барлығы автоматты түрде жүзеге асатын болады. Төлем жасамаған адамдарды өшіруге мүмкіндік береді. Барлығы қашықтықтан.

Инженерлік инфрақұрылым саласына IT, жасанды интеллект араласқалы жаңа технологиялар нарығы қарыштап дамып жатыр. Бұл көрме — соның нәтижесі. Компаниялар мақтанышпен жаңа технологияларды сөрелерге тізген.

ГҮЛМИРА СЕМБИЕВА, «GASTHERM EXPO 2026» КӨРМЕСІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

Бірінші рет газ саласының көрмесін ашып отырмыз. Газ форумы да өтуде. Саладағы стратегия, тапсырма, мақсатты талқылау мақсатында өтіп жатыр. Көрмеде жаңа технологиялар мен жетістіктерді көрсетеміз. Газ қазандығын шығаратын отандық өндіруші, есептегіштерді, ақылды технологияларды шығарған серіктестіктер бар. Олардың барлығы ел нарығында пайдаланылып жатыр. 50 компания келіп отыр. 5 мемлекеттен қатысушылар келді.

Көрмеден бөлек, газбен жабдықтау, су және жылумен қамту, инженерлік инфрақұрылым салаларының мамандары да форумда бас қосып, ортақ мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасып жатыр.

← Барлық жаңалықтар