Сайлау өткелі қоғамдағы гу-гу әңгіме, Құрылтайға қай партиядан қанша депутат өтетіні қызу талқыланып жатыр. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің нақты қорытындысын айтып, заң шығарушы органға баратын партияларға мандатын бөліп берді.
ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:
Бес пайыздық межені 5 партия еңсерді. Орталық сайлау комиссиясы елімізде тұңғыш рет өткен Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысын жариялады. Нәтижесінде саяси партиялар жинаған дауыс санына қарай мандаттарға ие болды. Заңға сәйкес, қажетті шектен өткендердің қатарында Әділет, Ауыл, Республика, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және Ақ жол бар. Ал Қазақстан Халық партиясы мен Байтақ жасылдар партиясы белгіленген көрсеткішке жете алмады. Осылайша, олар Құрылтай депутаттығына өткен жоқ.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес, республика бойынша Құрылтай депутаттарын сайлаудың қорытындыларын ОСК сайлау өткізілген күннен бастап 10 күн мерзім ішінде анықтайды және жариялайды. Бүгін біз аумақтық сайлау хаттамалары негізінде 2026 жылғы 23 тамызда өткен ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау қорытындысын түпкілікті шығара аламыз.
Көрсеткіш нәтижесіне сәйкес, 145 депутаттық мандаттың 110-ы Әділет партиясына тиесілі. Ауыл — 10, Республика — 9, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Ақ жол 8 мандаттан иеленді. Сайлауға ел бойынша дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 74 пайызы қатысқан. Оның 71 пайызы Әділет партиясын қолдаса, 6 пайызы Ауыл партиясына дауыс берген. Қалған үш саяси ұйымның әрқайсысы 5 пайыздан астам дауыс жинады.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сайлаушылардың жалпы саны 12 623 289 адамды құрады. Сайлауға 9 351 539 адам, яғни тізімге енгізілген азаматтардың 74,8 пайызы қатысты. Бұл сайлауға биыл наурызда өткен Конституция бойынша референдумға қарағанда 224 мың адамға көп азамат қатысты.
ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:
Енді саяси ұйым басшылары алдағы 5 күннің ішінде депутаттар тізімін Орталық сайлау комиссиясына ұсынуы керек. Негізгі шарт бойынша 30 пайыздық міндетті квота сақталуы қажет. Яғни депутаттар құрамында әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар азаматтар болуы тиіс.
ШАВКАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Мандаттардың кандидаттарға берілуі партия басшылық органдарының қаншалықты жедел жұмыс істейтініне байланысты. Бізге мандаттарды кімдерге бергені туралы мәліметтер түскеннен кейін тиісті құжаттарды дайындауға аз ғана уақыт қажет.
ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:
Депутаттар тек партиялық тізімге енген үміткерлердің арасынан іріктеліп алынады. Барлық саяси ұйым өздерінің кандидаттарын ұсынған соң, Орталық сайлау комиссиясы халық қалаулыларына депутаттық куәлік пен төсбелгілерін табыстайды. Айта кетейік, бұл жолы депутаттық мандатты айшықтайтын белгінің дизайны да өзгеше болмақ. Сыртқы пішінінен бөлек, құнында айырмашылық бар. Мәселен, бұрын алтынмен жасалған төсбелгінің бағасы 300 мыңнан асқан. Ал биыл жезден әзірленген нұсқаның құны алдыңғысынан жеті есе арзан.