Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Чемпиондар елге оралды

Астана әуежайы у-шу. Себебі Эквадордан чемпиондар келді! Дзюдодан кадеттер құрамасы 11 медаль әкелді. Бұл бұрын-соңды болмаған тарихи жетістік дейді. Дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы атанған қазақ қызын да сән-салтанатпен қарсы алды.

Сонау Эквадордан жеңіс арқалап келген дзюдошыларға деген құрмет бұл. Әуежайдың іші бір сәтте мәре-сәре болды да қалды. Күтіп алушылардың қуанышында шек жоқ. Оған жас спортшылар да мәз.

АХМЕТ БАУБЕК, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Өте жарқын сәттермен, күшті эмоция. Қаншама еңбек, қаншама тер ақталды.

НҰРБЕКЕН ӘДІЛЖАН, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Иә, Ахмет айтқандай, қаншама еңбек, қаншама тер төктік. Осы әлем чемпионатында медаль алу үшін қаншама еңбек төктік.

Көптің арасынан көзге Фатима Супығалиева түсті. Ол осы жолы қазақ дзюдошы қыздарының арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанды. 52 келі салмақта күрескен шынашақтай ғана ару қарсылас қыздардың бәрін татамиден тоңқалаң асырыпты. Бірақ түгел жеңдім деп масаттанып тұрған жоқ.

ФАТИМА СУПЫҒАЛИЕВА, ДЗЮДОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Үшінші Аустралия қызымен, 4-ші Израиль қызымен болевой әдісімен жеңдім. Финалдық кездесу Украина қызымен болды. Өте жақсы дайындықпен келгені көрініп тұрды. Ең жақсы қарсыластарымның бірі. Сен ең мықты қазақ қызы екеніңді көрсетіп келдің ғой. Мен, иә, наверное… Мені қолдап отырған БҚО, дзюдо федерациясына алғысымды білдіргім келеді. Ең бірінші мақсатым — сол Олимпиада ойындарында алтынға ие болу.

Фатимадан бөлек Эквадорда алтын алған чемпиондар — Расулхан Ғабит пен Адильжан Жаудинов те осында. Ал Бекарыс Құдайберген, Ахмет Баубек, Ерік Үсенов, Бекәли Еркен қола тағынса, Адия Жанахмет, Әділжан Нұрбекен, Інжу Жұмажан күміс жүлде әкелді. Бас бапкерлері шәкірттерінің жеңісін көптің тілеуі деп қарапайымдылық танытты.

МЕЙІРЛАН БАЙМАХАМБЕТОВ, ДЗЮДОДАН ҚР ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕН КАДЕТТЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Өте қуаныштымыз. Барлық спортшыларымыз жеңіске сай өнер көрсетті. Біз осыған дайын бардық. Бір жылға жуық дайындалды, жеке дайындықтар жүрді. 100 пайыз тапсырманы орындап, осындай жетістікке қол жеткізді. Үлкен алғысымызды айтамыз спортшыларымызды дайындықпен, залмен қамтамасыз еткендерге. Бұл жеңістің артында тек спортшылар емес, қаншама ұйым, ұжым, министрліктер, біздің федерация бар, жалпы Қазақстанның жеңісі.

Олай дейтіні, жекелей белдесулерден бөлек, Қазақстан құрамасы болып аралас командалық сында алғашқы әлем чемпиондығын иеленді.

РАМАЗАН ТАУБА, ҚР ДЗЮДО ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Тарихи жеңіс. Бұрын-соңды болмаған 11 медаль жеңіп отыр спортшыларымыз. Париж Олимпиадасынан кейін алынған бағдарламамен қол жеткен нәтиже. Содан кейін Седрик атты кеңесшіміз келді. Және де бас бапкеріміз Баймахамбетов Мейірланның, атап кететіндей, осы жүйе енгізілгеннен кейін алтын медальсыз қайтқан емес. Командалық жарыс ол да тарихи жеңіс. Жалпы осы чемпионатта тарихи жеңістер көп болды.

Федерация өкілі тарихи жеңіс дей берді. Бұрын-соңды болмаған нәтижелері сол күйі тарихқа еніп кетпей, келешек жеңістерге жетелесін.

← Барлық жаңалықтар