Құрылтай депутаттарының алдында маңызды міндеттер тұр. Бір ай бойы еліміздің өңір-өңірін аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырған кандидаттардың нақты тізімі бекітілді. Бүгін оларға арнайы куәлік пен төсбелгі де табысталды. Енді сайлауалды бағдарламаларында айтылған бастамаларды іске асырып, нақты нәтиже үшін жұмыс істеу керек. Бұл — халықтың басты талабы. Ал партиядағылардың алдағы жоспары мен міндеті қандай?
Ертең ант қабылдап, жұмысын бастайтын Құрылтай депутаттарының есімі белгілі болды. Бір палаталы заң шығарушы органның құрамында сегізінші шақырылымның экс-депутаттары да бар. Бес партия өздерінің тізімін кеше Орталық сайлау комиссиясына өткізген болатын. Ал бүгін комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси ұйым өкілдеріне куәлік пен төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сайлау қорытындылары анықталды. Ендігі кезеңде сайланған Құрылтай депутаттарының заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеу рәсімдерін жүзеге асыруымыз қажет. Осыған байланысты бүгін Құрылтай депутаттарын тіркеу мәселесі қаралды.
Отырыстан соң партия мүшелерін сөзге тартып көрдік. Уақыттың тығыздығын алға тартқан олар халықтың сенімінен шығуға тырысамыз деді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Құрылтайға нақты жоспармен бара жатқандарын айтты. Сайлауалды бағдарламамызда көтерілген мәселелерді заң тұрғысынан шешуге атсалысамыз деп уәделерін берді.
МАҚСҰТ НӘСІБУЛОВ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздің нақты жоспарымыз бар. Біз жұмыс барысында өзіміздің жұмысымызды көрсетеміз. Қазір қоғамның да саяси сауаты артып келеді. Біз халықтың талабынан шығуға тырысамыз. Олардың айтқан мәселелерін мінберлерде көтереміз деп айта аламын.
Маусым айында ғана басшылық орынға жайғасқан «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі алда атқарылар жұмыстың көптігін айтты. 3 жыл бойы Мәжіліс төрағасының орынбасары болған ол енді маған бұл қызметті ұсынса да, бас тартуым мүмкін дейді. Себебі…
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазір маған вице-спикер болуға ыңғайлы емес, себебі мен қазіргі кезде партия басшысы болған соң, ол өте қиын болады. Себебі вице-спикер ол күні-түні Парламентте болуы керек. Ал енді маған партияның жұмысымен де араласу керек.
Ал Республика партиясының басшысы тізімді жасақтағанда бірнеше факторды ескергендерін айтты. Мәселен, кандидаттардың жұмыс тәжірибесі мен Құрылтайда көтеретін тақырыптары сараланыпты.
АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз бұл жерде тәжірибесіне қарадық, нақты Құрылтайда орындалатын жұмысына қарай. Бірақ бұл кірмеген азаматтар үшін олар ешқандай партияда болашағы жоқ деген сөз емес. Әр азаматтың, біздің өзіміздің жоспарымыз бар, әр депутаттың жоспары бар. Сол жоспарды орындағаннан кейін келесі азаматтар өзінің мандатын тапсырады. Сондықтан да біздің осы тізімде тұрған азаматтардың өздерінің уақыты келеді деп сенемін.
Айта кету керек, күні ертең Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтеді. Президент Жарлығына сәйкес бірінші шақырылымның отырысы сағат 11:00-де шымылдығын түреді. Осылайша, жаңа депутаттық құрам ел болашағына қатысты маңызды шешімдерді қабылдап, өз жұмыстарын бастамақ.