Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 15 қаралым

Құрылтай жұмысын бастады

Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Құрылтайдың бірінші сессиясында сөйлеген Президент халық қалаулыларына қарата осындай ескерту айтты. Мемлекет басшысы мандат алғандар қоғамға пайдасы бар іспен шұғылданып, қарақан бастың емес, қарашаның қамын бірінші кезекке қоюды мықтап тапсырды. Сайлаудан бұрын ел аралап, халықтың қаптаған мәселесін тыңдаған депутаттар енді сол түйткілдерді қағаз бетінде жазу күйінде қалдырмай, ыждағаттылықпен шешуге тырысу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елордада жаңа саяси кезеңнің шымылдығы түрілді. Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Құрылтайы алғашқы сессиясын өткізді. Мемлекет басшысы депутаттарға үш нақты бағыт белгіледі: заңнаманы жаңа Конституцияға бейімдеу, кәсіби әрі жауапты Құрылтай қалыптастыру және партиялардың сайлауалды бастамаларын Үкіметтің нақты ісіне айналдыру. Президенттің талабы айқын: әрбір заң жан-жақты сараланып, бүгінгі сұраныспен қатар, елдің ертеңіне де қызмет етуге тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрылтайдың бірінші шақырылымы — ел дамуының жаңа белесі. Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек.

Саяси реформалар билік институттарының құрылымымен ғана шектелмейді. Президент ендігі жерде кадр таңдауда кәсібилікке, тың бастама мен нақты нәтижеге басымдық берілетінін аңғартты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірден айтайын, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты — биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл ойлайтын, жасампаз азаматтарды тарту. Қазіргі заманда таптаурын шешімдер, ескірген көзқарастар мен қарабайыр популизм ешкімге қажет емес.

Құрылтайдағы партиялардың жауапкершілігі де арта түспек. Президент сайлауалды бағдарламаларда айтылған тиімді бастамалар қағаз жүзінде қалмай, Үкіметтің нақты жұмысына енгізілуі керек екенін жеткізді. Бұл ретте саяси ұйымдар қоғам мен атқарушы билік арасындағы байланысты күшейтуге тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Нағыз отаншыл азамат үшін өз халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әділетті, Күшті Қазақстанды құру — баршамызға ортақ міндет. Ел аманатына адал болу — парыз. Сіздер осы жолда табанды еңбек етесіздер деп сенемін.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Құрылтайдың алғашқы сессиясы жаңа саяси кезеңнің бағдарын айқындады. Енді депутаттардың жұмысы ұсынылған бастамалардың санымен емес, қабылданған заңдардың сапасы және халық өміріне әкелген нақты өзгерісімен өлшенбек. Жаңа құрамға жүктелген саяси жауапкершіліктің салмағы да осында.

← Барлық жаңалықтар