Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 19 қаралым

51 мың теңге кімге бұйырады?

Оқу жылының басталуына екі күн қалды. Биыл елімізде 380 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады екен. Ал жалпы 4 миллион 100 мың оқушы білім алады. Бірақ олардың бәрі сабаққа дайын ба? Әлеуметтік аз қамтылған, қамқоршысы жоқ ұл-қыздарға арналған «Мектепке жол» акциясы балалардың жоғын бүтіндеп, жыртығын жамап береді. Бірақ биыл талап өзгерген. Жобадан көмек алу үшін қандай құжат керек? Жақында Шымкентте осы акцияның айналасында айқай-шу шықты.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Шымкент қаласы Білім басқармасының мәліметінше, ата-аналардың шу шығаруының басты себебі олардың өтінішінің қабылданбауында жатыр. Өйткені олар көмек алуға мұқтаж азаматтардың санатына кірмеген дейді. Сәйкесінше, электронды базада тіркелмеген. Ал енді бірінің отбасына шаққандағы айлық табысы белгіленген шектен асып кеткен. Тіпті өтініш берушілердің арасында жалған құжаттар өткізгендер де болыпты.

ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кейбір азаматшаның үйіндегі жолдасы 3 айда 940 мыңға дейін табыс тапқандығы сол базадан көрсетіліп тұр. Одан бөлек кейбір мектептерге АСП алу жөнінде жалған құжаттар ұсынылғандығы анықталып отыр. Оны, мысалға, астындағы базадан шықпайды, ол АСП алмайды деп шығады. Бір үйде тұратын отбасы мүшелері, бұл жерде нақтырақ айтсақ, ересек ұлының картшотында 30 млн-нан аса қаржы айналымы болғандығы, яғни оның кәсіпкерлікпен айналысатындығы, сондай қаражаттар болғанын ананың өзі растап, өзі кейін көз жеткізіп, өз талаптарын кейін кері қайтарды.

Ресми дерекке сүйенсек, биыл «Мектепке жол» акциясы аясында еліміз бойынша 450 мыңға жуық оқушыға көмек беріледі. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, қолдау «Жалпыға міндетті білім беру қоры» аясында көрсетіледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 миллиард теңге бөлінген.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Мемлекет тарапынан осы 2008 жылдан бастап мектеп жасынан бастап, осы әлеуметтік осал санаттарға жататын отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетілуде. Қазіргі таңда бұл көмек нақты ата-ананың жеке есепшотына аудару арқылы жүзеге асырылуда. Биылғы жылы бізде 400 мыңнан астам балаға, жаңа айтып өткен, 23 миллиардтан астам ақша жергілікті атқару органдарымен қарастырылды.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Бір балаға берілетін бір реттік көмектің ең төменгі мөлшері — 50 851 теңге. Бұл өткен жылға қарағанда 10 пайызға артқан. Қаражат оқушыларға мектеп формасын, аяқкиім мен оқу құралдарын сатып алуға беріліп отыр. Енді бұл көмекті алу үшін не істеу керек? Кезең-кезеңімен түсіндіріп берейін. Ең алдымен балаңыз оқитын білім ордасына хабарласып, өтініш бересіз. Мектеп әкімшілігі сіздің қай санатқа жататыныңызды тексереді. Осы тұста бұл көмек әлеуметтік осал топтардағы балаларға берілетінін айта кету керек. Яғни жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге, аз қамтылған отбасылардан шыққан және өмірлік қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын жандардың балаларына арналған. Сонымен қатар мектептің алқалы мүшелерінің шешімімен көмекке мұқтаж деп танылған оқушылар кіреді.

«Мектепке жол» акциясы кімдерге арналған? Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы төмен отбасылардың балалары; төтенше немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың балалары; атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балалары; мектептің алқалы органы шешімімен көмекке мұқтаж деп танылған басқа да балалар.

Енді осы көмектен үмітті азаматтарға құлаққағыс ақпар. Қай санатқа жататыныңызды нақтылаған соң, құжаттарды жинауға кірісесіз. Ол үшін ата-ана мен баланың құжаттары және қажет болса әлеуметтік жағдайды растайтын мәліметтер сұралады. Ескеретін жайт, әр өңірге және отбасының санатына байланысты бұл тізімге қосымша анықтамалар енгізілуі мүмкін.

Қандай құжат керек? Өтініш, жеке куәлік, баланың құжаттары, әлеуметтік мәртебені растайтын құжаттар қажет болған жағдайда сұралады.

Айта кету керек, Ұлттық білім беру деректер базасында осы 5 санатқа кіретін балалардың тізімі жасақталған. Мектеп әкімшілігі осы жүйеде оқушы туралы ақпарат болса, бірден көре алады. Өтінішті онлайн тапсыруға болады. Жауапты ведомствоның айтуынша, цифрлық жүйенің енгізілуі мемлекеттік көмектің ашықтығын арттырып, өтінішті қарау мерзімін қысқартуға және қаржының нақты мұқтаж жандарға жетуіне ықпал етеді.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұл жерде бізде НОБД-да базасы, ақпараттық жүйесі арқылы, яғни сол баланың ИИН-ін немесе ата-ананың ИИН-ін енгізген кезде, сол арқылы сұрау берген кезде баланың қай санатқа, ата-ананың қай санатқа жататыны туралы ақпарат сол жерден Еңбек министрлігінің базасынан бізге келіп түседі. Сол арқылы жасалынады. Бұрындары бізде әлеуметтік педагогтар өздері есептейтін. Бұл, әрине, жүктеме артық. Қазіргі таңда ол нақты сол арқылы алынады. Бұл балаларға, ата-аналарға да тиімді, мектепке де тиімді. Яғни қосымша қағаз басылымы жоқ бұл жерде. Бұрын өздері есептеп, өздері белгілі боп жатқан. Қазір Еңбек министрлігінің осы базасымен біз интеграцияланған.

Ал егер ата-ана мен бала туралы ақпарат бұл базада болмаса, мұқтаж азаматтар мектеп әкімшілігіне өтініш білдіре алады. Олар өз кезегінде арнайы комиссия жіберіп, отбасының әлеуметтік жағдайын тексереді. Қажет деп тапса, тиісті көмекті көрсетеді.

ГҮЛЗИРА БОЗЖІГІТОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Тексерістен жаңағы қанағаттанбайтын өтініш қанағатсыз келетін болатын болса, мысалы, расталмайтын болған жағдайда, онда бесінші категориямен қарауға болады. Бесінші санат. Бесінші санат, яғни үйдің тексерісі актісі арқылы мектептің қамқоршылық кеңесі мен құрған комиссия мүшелерімен жасалады. Осы орайда жаңағы құжаттарды, 158-ші бұйрықтың 13-ші қосымшасында көрсетілген толық құжаттарды ұсына отырып, жүзеге асырылады он жұмыс күні ішінде.

Өтініш қаралып, баланың қай санатқа жататындығы белгілі болған соң, қаражат аударылады. Ақша ата-ананың банктік шотына немесе картасына тікелей түседі. Ескеретін жайт, есепшот бұғатталмаған болуы керек.

ГҮЛЗИРА БОЗЖІГІТОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Бұл 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Егер де балаға жаңағы әлеуметтік көмек берілетін жағдайда, онда ол баланың ата-анасына немесе заңды өкілінің есепшотына, банктік есепшотына аударылады. Иә, ол жағдайда ата-ананың есепшоты міндетті түрде бұғатталмаған болуы қажет.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Бұл бір реттік көмекті басқа бағытқа жұмсауға болмайды. Өйткені оқушыға арналған заттарды сатып алған соң, тауарлық чекті сақтап, мектепке растау құжаты ретінде өткізу міндеттеледі. Егер белгіленген мерзімде тиісті түбіртекті ұсынбасаңыз, түсініктеме толтырасыз. Кей жағдайда қаражатты мақсатсыз жұмсағаныңыз үшін кері қайтару мәселесі де туындауы мүмкін. Айта кетейік, республикалық акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

← Барлық жаңалықтар