Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Аждаһа үні өшкен күн

Қазақ даласына орны толмас қасірет әкелген Семей полигонының жабылғанына бүгін 35 жыл. Қырық жылға созылған қаралы сынақтың зардабын 1,5 миллион адам тартқан. Мыңдаған кемтар бала, талай талқандалған тағдыр. Дүмпуі қатты бомбалардың кесірінен бейбіт тұрғындар 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдады. Ең сорақысы, жерасты жарылыстарының кесапаты әлі 300 жылға дейін созылуы мүмкін.

Қырық жылға жуық уақыт бойы Семей даласында жарылыс тынбады. Радиациямен уланған жер, денсаулығынан айырылған миллиондаған адам және дүниеге келген кемтар балалар… Ауыр кезең артта қалғанымен, қасіреттің ізі тарихта өшпес таңба болып қалды. Биыл полигонның жабылғанына — 35 жыл! Осы айтулы датаға әрі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы үндеу жасады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Семей. Тарихи датаға орай бүгін елімізде тағылымы мол шаралар өтіп жатыр. Мәселен, Семей жұртшылығы Бейбітшілік аралына жиналды. Олар «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоғын қойып, сынақ құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ресми дерекке сүйенсек, қазақ даласында 40 жылға жуық жүргізілген ядролық сынақ 1,5 миллионнан астам адамның тағдырын талқандады. Аумағы 18 миллион гектарды қамтыған Семей полигонында ұзын саны 456 жарылыс жасалған. Оның салдары қаншама отбасына қайғы жұтқызды. Зұлматтың зардабы әлі күнге дейін сезіліп келеді. Өңір халқы күні кеше жұмысын бастаған Құрылтайға үмітпен қарайды. Зардап шеккен жұртты қорғайтын, қолдайтын бастамалар қолға алынады деп сенеді.

МҰРАТ ӘЛИН, ОБЛЫСТЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Көп адам осы полигонның зардабынан өмірден өтіп кетті. Міне, енді оған қатысты көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Жаңа Құрылтайымыз құрылды. Енді заң қабылдайтын уақыт та жеткенін айтқым келеді. Және ондай заң қабылданады деп ойлаймын.

Бүгінде полигон зардабын зерттеп, оның адам денсаулығы мен табиғатқа тигізген кері әсерін толық анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. «Невада-Семей» қозғалысының филиалдары өңірдегі экологиялық жағдайды жіті назарда ұстап, кешенді зерттеулер жүргізуге мұрындық болуда.

НҰРЛАН АҚМУРЗИН, «НЕВАДА-СЕМЕЙ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі мақсатымыз — бұл полигонның зардабы әлі күнге дейін бар. Соны химиялық, физикалық тұрғыдан зерттеп, сол жерде тұрып жатқан халқымызға ешқандай зияны болмасын деген оймен сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қозғалысқа жастар қосылса деп ойлаймыз. Жастарды қосу, тәрбиелеу, біз бастаған істерді солар жалғастырса деп ойлаймыз.

Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толса да, бұл бағытта атқарылар іс әлі де аз емес. Өткеннің қасіретінен сабақ алған Қазақстан бейбітшілік пен ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күресін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

← Барлық жаңалықтар