Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 35 қаралым

Жолаушылар мінген паром аударылды

Жерорта теңізінде қайғылы оқиға. Кипр аралының маңында жолаушыларға лық толы паром аударылды. Су көлігі Солтүстік Кипрден Түркияның Мерсин провинциясына бағыт алған екен. Аман қалғандардың сөзінше, кеменің техникалық жағдайының дұрыс еместігі жағада тұрғанда-ақ бірден білінген. Ал паром порттан 6 шақырым ұзағанда батып кетіпті. Төтенше жағдай тіпті бір-бірін атарға оғы жоқ Грекиялық Кипр мен Түркиялық Кипрдің билігін де жақындастырып жіберді.

Бұл паром аударылған сәттің кадрлары. Алаңсыз көкжиекке көз тастаған жолаушылардың тыныштығын сықырлаған дыбыс бұзды. Алып техника бір бүйіріне жантайып бара жатқан соң абдыраған халық ашық теңізге секіруге мәжбүр болды. Негізі, Солтүстік Кипр жағажайынан 267 адам Анадолыға қарай бағыт алған. «ФилоДжет» кемесі екі аралықта күнделікті қатынайды екен. Ал сапар ұзақтығы бар-жоғы 5 сағатты құрайды. Қазір Гирне қаласының ауруханасында абыр-сабыр. Туған-туысын іздеген жұртта есеп жоқ. Барлығы жақындарымен байланысқа шыға алмай, уайымдап жүр.

ЯГЫЗ ЭДЖЕ ГҮМІШ, ТҰРҒЫН:

Менің жан досым жоғалып кетті. Біз онымен соңғы рет кеше күндіз жолығып, қоштасқан едік. Ал бүгін хабар ала алмай отырмыз. Тірі табылады деген үмітіміз бар. Құтқарушылардан хабар күтіп жүрміз. Естуімізше, досымыз паромнан екі баланы құтқаруға оқталыпты. Теңізге секірген соң, ұшты-күйлі жоғалды.

Болжам бойынша, паром жағадан ұзай бергенде Жерорта теңізінде қатты дауыл көтерілген. Көлік арлы-берлі теңселіп, алдыңғы бөлігіне су толып, аударылыпты. Кейіннен техника 500 метр тереңдікке батып кеткен. Десе де, жағажай қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты рейсті бірнеше рет кейінге шегеріпті. Аман қалғандардың сөзінше, олар сапар басталғанда-ақ техникалық ақауды байқап, кеме капитанына кері бұрылуды өтінген көрінеді. Бірақ ол рейсті тоқтатудан бас тартқан.

НАИФ ЭЗЕР, ТҰРҒЫН:

Менің екі досым сол паромға мінген жолаушылардың арасында. Кеше тағы бір бауырымызды осы жерден іздеп таптық. Ол аман қалыпты. Ал хабар-ошарсыз кеткен жігіттер Кипрде жұмыс істейтін. Түркияға туған-туыстарымен жолығуға аттанған еді. Біз апат туралы ести салысымен аурухана жағалап жүрміз. 12 сағаттан бері қандай да бір дерек ала алмадық.

Бірақ кеме капитаны апат туралы жағажай қызметіне хабарлап үлгерген. Ашық теңізде қалып қойғандарға Солтүстік Кипрдің құтқарушылары көмекке ұмтылыпты. Сондай-ақ осындай қиын-қыстау кезеңде аралдың оңтүстігіне жайғасқан Грекиялық Кипрдің билігі де жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдепті. Тіпті арнайы мамандарды Солтүстік Кипрге аттандырған. Жедел әрекеттердің арқасында 200-ден астам жолаушы жағаға аман-есен шығарылды. Төтенше оқиғадан 8 адам опат болды. Тағы 18 жолаушы із-түссіз кеткендер қатарында.

ТУФАН ЭРХЮРМАН, СОЛТҮСТІК КИПР ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әзірге 249 отандасымыз жағаға аман-есен шығарылды. Өкінішке қарай, 8 жолаушының денесін таптық. Марқұмдардың төртеуінің жеке басы анықталып, мәйіт туыстарына тапсырылды. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккен жандарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Тағы 18 азаматымызбен байланыс үзілді. Апат аумағында сүңгуірлер де қызу жұмысқа кірісті.

Солтүстік Кипр Түрік Республикасындағы қайғылы оқиғадан Анадолы басшысы Режеп Тайып Ердоған да шет қалмады. Президент бауырлас елге қажетті жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Ердоған Түркияның төтенше жағдайлар қызметінің мамандарын да аралға аттандырды. Олар әріптестерімен бірге Жерорта теңізінде арнайы операцияға қатысады.

РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Апаттың артынша біз Солтүстік Кипр Түрік Республикасындағы әріптестерімізбен бірлесіп ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарына кірістік. Қабылданған шұғыл шаралардың арқасында 237 жолаушы мен экипаж мүшелерін жағаға жеткіздік. Жоғалған азаматтарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бауырлас халыққа жан-жақты көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз. Марқұмдардың отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын.

Паром капитаны мен 7 экипаж мүшесі тегіс дін аман. Көп ұзамай олар қамауға алынды. Енді күдіктілер заң алдында жауап береді. Ал Солтүстік Кипр билігінің дерегінше, жағаға жеткізілген 161 жолаушы дереу ауруханаға жатқызылыпты. Қалған 76 адам медициналық көмектен бас тартып, үйлеріне оралған. Айта кету керек, өткен демалыста Жерорта теңізінде ауа райы күрт бұзылып, бірнеше күн екпінді дауыл тұрды.

← Барлық жаңалықтар