Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 15 қаралым

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды

Көшпенділердің рухын қайрап, ұлттық спортымыздың ұлылығын дәлелдейтін дода басталды. Қырғыз еліндегі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жаһанның жүзден астам елінің басын қосқан. Байрақты бәсеке былтыр біздің мемлекетте ұйымдастырылған еді. Айыр қалпақты ағайындардың астанасындағы ашылу салтанаты дүркіреп өтті. Айтулы спорт сайысынан ақпарат таратуға біздің арна тілшісі Қырмызы Жандос та барған еді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының эстафетасын Қазақстаннан қабылдап алған Қырғызстан дүбірлі доданы бастауға дайын. Биыл Бішкекке әлемнің жүзден астам елінен спортшылар келді. Ұлттық спорт пен көшпенділер мәдениетін ұлықтайтын ауқымды шараның ресми ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатын 16 елдің басшылары мен жоғары лауазымды өкілдері тамашалады. Олардың он бірі — президент. Мәртебелі меймандарды «Бішкек Аренада» Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың өзі жеке-жеке қарсы алды.

Салтанатты рәсімнің ең әсерлі сәттерінің бірі — қатысушы елдер құрамаларының шеруі. Мемлекеттік туларын желбіреткен спортшыларды жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Қазақстан құрамасы да көк байрағымызды көтеріп, арена төрінен өтті. Ел намысын 150-ден астам спортшымыз қорғайды. Олар бағдарламаға енген 43 спорт түрінің барлығында өнер көрсетеді.

ҚАСЫМХАН ҚАНАТ, СПОРТШЫ:

Садақ атудан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына үшінші рет қатысып жатырмын. Алғаш рет Түркияның Бурса қаласында өткен додада күміс медаль алдым. Кейін Астанада өткен ойындарда екі қола, бір күміс жүлдеге ие болдым. Енді Қырғызстандағы додада екі алтын алуға ниеттімін. Бар күшімді саламын.

Биылғы додада үш мыңға жуық спортшы бақ сынайды. 6 қыркүйекке дейін жалғасатын жарыс Ыстықкөл облысында өтеді. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар көкпар, қазақ күресі, бәйге, дәстүрлі садақ ату және өзге де этноспорт түрлері бойынша сынға түседі. Сайыстарда күш пен ептілік, мергендік пен төзімділік сыналады.

Ашылу салтанаты Қырғыз Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мыңдаған әртіс қатысқан театрландырылған қойылымда көшпенділердің тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен жауынгерлік рухы бейнеленді. Ұлттық әуен, ат үстіндегі көріністер мен заманауи технологиялар арқылы ежелгі өркениеттің өткені мен бүгіні сабақтастырылды. Ал VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2028 жылы Татарстан қабылдайды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Бішкекте басталған дүбірлі дода бірнеше күн бойы әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылардың басын қосады. Мұнда тек мықтылар анықталып қана қоймайды. Көшпенді халықтардың ортақ мұрасы жаңғырып, ұлттық спорттың халықаралық деңгейдегі беделі тағы бір мәрте айқындалады.

← Барлық жаңалықтар