Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 14 қаралым

Тазы мен төбет күні тойланып жатыр

Бүгін қазақы ит тұқымдары ұлықталатын айтулы мереке. Елімізде алғаш рет тазы мен төбет күні тойланып жатыр. Бүгінде иттеріміздің санын көбейтіп, генофондын сақтауға айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы бастамашы болып, ұлттық құндылығымызды әлемде дәріптеуді тапсырған еді. Нәтижесінде арнайы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалып, Қазақстан оның шыққан жері ретінде бекітілгені де жұртшылыққа мәлім. Осы орайда Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров тарихи мұрамызды дәріптеуде қыруар жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

АЙБЕК СМАДИЯРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ — БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі, бойында адалдық, ептілік пен тектілік қасиеттері ұштасқан төл мәдениетіміздің асыл мұрасы. Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады. Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Атазаңымызда құндылықтар ретінде айқындалған. Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам.

Айбек Смадияровтың сөзінше, бүгінде құмай тазыларымыз әлемдік ірі көрмелерде жүлделі орындарды иеленіп жүр. Асыл тұқымды итті көбейту қарқын алып, тазы асыраушылардың да қатары артып келеді. Сондай-ақ, елімізде қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын екенін жеткізді.

← Барлық жаңалықтар