Астанада Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымының өкілдері футзалдан бірінші халықаралық жарыс өткізуде. Екі күнге созылатын сайыста Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия мен Өзбекстан құрамалары бақ сынайды. Бұл шара түркітілдес елдердің еңбеккерлері мен кәсіптік одақтарының басын біріктіретін халықаралық ұйымның осындай форматтағы алғашқы ынтымақтастығы. «TURKIC CUP 2026» додасын өткізуге Қазақстан жағы мұрындық болыпты. Алғаш болып алаңға Әзірбайжан мен Қырғызстан командалары шықты. Ә дегеннен-ақ айыр қалпақты ағайынның бағы жанып, қызу тартыста Қырғызстан командасы басымдық танытты. Ал Каспий жағалауынан келген құрама осыдан бір ай бұрын ғана жасақталған екен. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың екі ел еңбеккерлері үшін аса маңызды екенін алға тартты.
САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН, ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ КӘСІПОДАҚТАР ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Негізгі мақсаты – осы спорт алаңында кездесе отырып, халықтарымыздың, мемлекеттеріміздің арасында сыйластықты одан әрі жетілдіру. Әр доданың жеңімпаздары болатыны сөзсіз, не дегенмен әр ойыннан кейін, осы додадан кейін біздің ойыншылар, кәсіподақ мүшелері бір-біріне деген құрметін арттырып, одан әрі жетіле береміз деп ойлаймыз.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымы осыдан үш жыл бұрын Әзірбайжанның Шуша қаласында құрылды. Бес елді біріктірген ұйым 48 миллион жұмысшы мен қызметкердің мүддесін қорғайды.