Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Қазақстан мен Лаос байланысты нығайтады

Қазақстан мен Лаос арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге адам басты. Елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Лаос Президенті Тхонглун Сисулитті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Келіссөздерде сауда-саттықты арттыру, көлік дәліздерін байланыстыру және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Теңізге тікелей шыға алмайтын екі ел географиялық шектеуді қалай ортақ мүмкіндікке айналдырмақ?

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Қазақстан мен Лаосты географиялық қашықтық бөліп тұрғанымен, екі елдің ұстанымы мен мүддесі тоғысатын бағыттар аз емес. Президент Тхонглун Сисулиттің Қазақстанға ресми сапары – саяси диалогты жаңа деңгейге көтеріп, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланысты кеңейтуге мүмкіндік. Бүгінгі келіссөздер барысында осы ынтымақтастықты нақты жобалармен бекіту мәселесі талқыланбақ.

81 жастағы Тхонглун Сисулиттің Лаос Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары. Бұл – халықаралық қатынастарда өте үлкен саяси мәнге ие. Ол елдің сыртқы саясаттағы басымдықтарын, геосаяси бағдарын және стратегиялық серіктестерін айқындайтын басты көрсеткіш.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келесі жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – үлкен меже. Елдеріміздің қарым-қатынасы достық сипатқа ие. Екі мемлекет халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп отыр.

Қазақстан мен Лаос арасындағы дипломатиялық қатынас 1997 жылы орнаған. Бірақ екі халықты байланыстыратын тарих одан да тереңде жатыр. Кеңес кезеңінде Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алған. Бүгінде олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен түрлі деңгейдегі басшылар бар.

ТХОНГЛУН СИСУЛИТ, ЛАОС ХАЛЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алды. Бүгінде олардың көбі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, орталық және жергілікті деңгейде басшылық қызмет атқарады. Отандастарым студенттік жылдарда көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін қазақстандықтарды жылылықпен еске алады.

Лаос – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы теңізге тікелей шыға алмайтын жалғыз мемлекет. Қазақстан да әлемдік мұхиттан шалғай орналасқан. Алайда географиялық шектеуді мүмкіндікке айналдыруға болады. Лаос–Қытай теміржолы оңтүстіктегі АСЕАН елдеріне жол ашса, Қазақстанның көлік дәліздері Қытайды Орталық Азия және Еуропамен байланыстырады. Сондықтан келіссөздердің маңызды тақырыбының бірі – екі бағытты өзара ұштастыру.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропаға біздің көлік дәліздері арқылы шығаруға болады. Қазақстан да Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті.

Қазақстан Лаос нарығына металл, азық-түлік, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, машина жасау және фармацевтика өнімдерін жеткізуге дайын. Ал лаостық компанияларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Сонымен қатар жоғары оқу орындары арасындағы байланыс, студент алмасу, туризм және маман даярлау мәселелері талқыланды.

← Барлық жаңалықтар