Апта ішінде билік құрылымындағы ең елеулі өзгеріс – Вице-президент институтының енгізілуі болды. Ерлан Қарин жаңа лауазымға тағайындалды. Бірақ жаңа қызметтің атауы ғана емес, оның өкілеттігі де маңызды. Вице-президентке қандай міндет жүктелді? Мемлекеттік басқару жүйесінде оның орны қандай болмақ? Енді Вице-президент ішкі және сыртқы саясаттағы стратегиялық бастамаларды әзірлеп, Президентке ұсынады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет, Құрылтай, саяси партиялар және халықаралық ұйымдарда оның атынан өкілдік етіп, жаһандық жиындарда ел мүддесін қорғайды.
Сонымен қатар оған маңызды идеологиялық бағыттар жүктелді. Вице-президент Діндер съезінің хатшылығын басқарып, Стратегиялық зерттеулер институтына жетекшілік етеді. Бұған қоса мемлекеттік марапат, азаматтық, кадр даярлау және жастар саясаты жөніндегі бірқатар ұлттық комиссияны үйлестіреді. Осы міндеттерді атқару үшін жаңа лауазым иесіне ауқымды құқық берілді. Ол жеке өкім шығарып, орталық және жергілікті билікке тікелей тапсырма бере алады. Қажет болса, құжаттар алдыртып, ведомствоаралық топтар құруға құқылы. Вице-президенттің қызметін толықтай Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді.