Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 20 қаралым

Қазақстан жаңа жер серігін ғарышқа жіберуі мүмкін

Қазақстан түркі елдерімен бірлесіп, жаңа ғарыш аппаратын ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл ғылыми қадам бүгін елордада басталған «Space Days Kazakhstan – 2026» форумында кеңінен сөз болды. Жиын барысында отандық мамандар жер серігінің жобасын толық дайындап шыққанын, қазіргі таңда Өзбекстан тарапынан тиісті қозғалтқышты күтіп отырғандарын айтты. Бұл ретте әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғарыш саласының сарапшылары мен ғалымдар аспан әлемін зерттеудің өзге де тың бағыттарын пысықтап, өзара тәжірибе алмасып жатыр.

БАУБЕК ОРАЛМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ АЭРОҒАРЫШ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осы Астанада құрастыру, сынау зауыты бар. Сол зауытта біздің инженерлер құрастырған, қазіргі уақытта спутниктер топтамасы дайындалып жатыр. Біз сол басқа елден келген өкілдерге өзіміздің жинаған спутниктерді де, біліктілігімізді көрсеткіміз келеді. Соның арқасында басқа да экспорттық тапсырыстар пайда болуы үшін, қазақ еліне соған әрекет жасау үшін осындай форумдар жақсы көмектеседі.

Сонымен қатар форумда өз жобасына қаржы тартып, инвестор іздеген шетелдік қонақтар да баршылық. Олар өз идеяларын көпшілікке ұсынып, қолдау күтіп жүргендерін айтты. Қатысушылардың пікірінше, аталмыш іс-шара Орталық Азия мен Қара құрлықты, Араб түбегі мен Батыс елдерін өзара тығыз байланыстыратын маңызды көпірге айналмақ.

МОХАММАД ХАССАМ, ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ:

Менің негізгі мамандығым – ғарыш технологиясының инженері. Бұл форумда ғарыш кемесінің қозғалтқышы саласы туралы жобаларды талқылаймыз. Бұл бізге Айға, Марсқа немесе одан да әрі жатқан аспан денелеріне жылдам жетуге жол ашады. Әлемнің түрлі елінен келген әріптестеріммен осы жайлы пікір алмасып, бір-бірімізден қолдау тапсақ деймін.

← Барлық жаңалықтар